Қазақстанда ЭКҰ арқылы 50 мыңнан астам бала дүниеге келген

Бүгін, 18:02 / Аида Тоқсан
https://t.me/DenMinPR

Алматыда Қазақстандағы алғашқы экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісімен дүниеге келген баланың 30 жылдығына арналған XVIII халықаралық конгресс басталды. Ауқымды жиынға әлемнің 25 елінен 1000-нан астам маман қатысып жатыр, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Baspasoz.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығы ұйымдастырған халықаралық форумда бедеулікті емдеу, ана мен бала денсаулығын қорғау және репродуктивтік медицинадағы жаңа технологияларды дамыту мәселелері талқылануда. Айта кетейік, Қазақстанда ЭКҰ әдісі арқылы алғашқы сәби 1996 жылғы 31 шілдеде дүниеге келген. Содан бері елімізде репродуктивтік медицинаның мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді.

Бес жылда 11 мыңнан астам сәби дүниеге келген

Конгресс қатысушыларына құттықтау жолдаған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде репродуктивтік денсаулықты қорғауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

"Қазақстанда репродуктивтік денсаулықты сақтау мәселесіне адам өмірінің барлық кезеңінде ерекше назар аударылады. Бұл бағыт отбасын қолдаудан, репродуктивтік жүйе бұзылыстарының алдын алу мен емдеуден, жүктілікке дейінгі дайындықтан бастап, ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін жетілдіруге дейінгі шараларды қамтиды", – деді министр.

Ведомство мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстанда ана өлімі төрт есе, ал нәресте өлімі 30 пайызға азайған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ЭКҰ бағдарламаларына бөлінетін қаржы жеті есе көбейтілген. Соның нәтижесінде 2021–2025 жылдары "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында шамамен 34 мың әйелге экстракорпоралдық ұрықтандыру процедурасы жасалған. Олардың 13 мыңнан астамы жүктілік бойынша есепке алынып, бағдарлама нәтижесінде 11 мыңнан астам сәби дүниеге келген.

"Бұл цифрлардың артында ана мен әке болу арманын жүзеге асырған мыңдаған отбасы тұр. Бұл – бірлескен жұмысымыздың ең маңызды нәтижесі. Осындай технологиялардың әрқайсысының артында көпжылдық ғылыми зерттеулер, ғалымдардың, эмбриологтардың, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегі жатыр", – деді Ақмарал Әлназарова.

Қазақстанда 32 репродуктивтік медицина клиникасы жұмыс істейді

Қазір елімізде бедеулікті емдеу және қосалқы репродуктивтік технологияларды қолданумен айналысатын 32 мамандандырылған клиника бар. Бұл медициналық ұйымдарда жыл сайын шамамен 18 мың репродуктивтік технология циклі жүргізіледі.

Жалпы, Қазақстанда осындай технологиялардың көмегімен дүниеге келген балалар саны 50 мыңнан асқан.

Жасанды интеллект пен генетикалық зерттеулер талқыланады

Халықаралық конгресс барысында мамандар репродуктивтік медицинадағы заманауи ғылыми жетістіктер мен емдеу тәсілдерін қарастырады. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні қолдану, эмбриондарды жатырға орналастырғанға дейінгі генетикалық скрининг және қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың бала сүю мүмкіндігін сақтау мәселелеріне назар аударылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық тәжірибе алмасу еліміздегі репродуктивтік медицинаның сапасын арттырып, бала сүюді армандаған отбасыларға көрсетілетін көмекті жетілдіруге ықпал етпек.

Тэгтер:

Қазақстан бала ЭКҰ