Ақмола облысының Ақкөл қаласында Құрылтай депутаттары Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты әскери бөлімдердің жұмысымен танысып, олардың төтенше жағдайларға қаншалықты дайын екенін талқылады, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Baspasoz.kz-ке сілтеме жасап.
Құрылтайдың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы Ақкөл қаласындағы №55209 әскери бөлімінде өтті.
Жиында ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы, генерал-майор Арман Қалиев пен әскери бөлім командирі Болатхан Смағұлов бөлімшенің қазіргі қызметі туралы баяндады.
Депутаттар әскери бөлімнің инфрақұрылымын жаңарту, техникалық жабдықталуын жақсарту және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету мүмкіндіктерін күшейту мәселелеріне назар аударды.
Комитет төрағасы Марат Қожаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғау жүйесін жаңғыртуға ерекше мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу және құтқару бөлімшелерінің дайындығын арттыру мәселелері депутаттардың тұрақты бақылауында болады.
Кездесуде әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы да сөз болды. Атап айтқанда, олардың жалақысын көтеру, тамақтандыруға бөлінетін қаржыны көбейту, кадр тапшылығын шешу және медицина мамандарын тарту ұсыныстары қаралды.
Сонымен қатар 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджетті әзірлеу барысында ТЖМ бөлімшелеріне қосымша қаржы бөлу мәселесі көтерілді. Бұл қаражатты жеке құрам санын көбейтуге және бөлімшелерді қажетті техникамен жабдықтауға бағыттау ұсынылды.