Алматыда суретші Байтұрсын Өмірбековтің 80 жылдығы аталып өтті

Бүгін, 18:37 / Аида Тоқсан
https://t.me/madenietaqparat

Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында белгілі суретші, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Өмірбековтің 80 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Baspasoz.kz-ке сілтеме жасап.

Мерейтойлық жиынға қылқалам шеберінің отбасы мүшелері, туған-туыстары, әріптестері мен шәкірттері жиналды. Қатысушылар суретшінің өмір жолын еске алып, оның қазақ бейнелеу өнерінің өркендеуіне қосқан үлесі туралы әңгімеледі.

Басқосуда Байтұрсын Өмірбековтің шығармашылық ізденістері, өнердегі қолтаңбасы мен жас суретшілерді тәрбиелеудегі ұстаздық еңбегі сөз болды. Әріптестері мен шәкірттері оның кәсіби жетістіктеріне тоқталып, естеліктерімен бөлісті. Іс-шара аясында суретшінің шығармашылық мұрасын таныстыратын «Өмір өрнектері» атты көрме ашылды. Экспозиция өнер иесінің шығармашылық жолын көпшілікке таныстыруға арналды.

Айта кетейік, Байтұрсын Өмірбеков – Қазақстанның бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған суретшілердің бірі. Оның еңбектері ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де танылған.

Өнер саласындағы жетістіктері үшін ол Ресей көркемсурет академиясының құрметті шетелдік мүшесі атанған.

Мерейтойлық басқосу суретшінің шығармашылық мұрасын дәріптеп, оның қазақ өнері тарихындағы орнын тағы бір мәрте танытуға мүмкіндік берді.

Тэгтер:

Алматы Суретші Байтұрсын Өмірбеков 80 жылдық