Қазақстанда мемлекеттік органдармен соттасқан азаматтар мен кәсіпкерлердің пайдасына шешілген істер үлесі 15 пайыздан 58 пайызға дейін артқан. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының Жоғарғы Сотта өткен көшпелі отырысында айтылды, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Baspasoz.kz-ке сілтеме жасап.
Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшелері Жоғарғы Сотта бас қосып, сот реформасының нәтижелері мен алдағы міндеттерді талқылады.
Комитет төрағасы Үнзила Шапақтың айтуынша, соңғы жылдары елімізде сот төрелігін халыққа қолжетімді ету, азаматтардың құқығын қорғау және судьялардың тәуелсіздігін күшейту бағытында бірқатар өзгеріс жүзеге асырылған. Соның бірі – әкімшілік әділет жүйесінің енгізілуі. Нәтижесінде мемлекеттік органдардың шешімдеріне шағымданған азаматтар мен кәсіпкерлердің сотта жеңіске жету көрсеткіші бұрынғы 15 пайыздан 58 пайызға дейін өскен.
Апелляциялық соттардың өкілеттігі кеңейді
Сот жүйесіндегі өзгерістер апелляциялық сатыға да қатысты. Енді бірінші сатыдағы сот істің мән-жайын толық немесе дұрыс анықтамаған жағдайда, апелляциялық сот оны қайта қарауға жібермей, өзі түпкілікті шешім қабылдай алады. Бұл жаңашылдық сот істерінің созылып кетуін болдырмауға, судьялардың қателіктерін азайтуға және шығарылатын шешімдердің сапасын жақсартуға бағытталған.
Сонымен бірге алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 44-ке жеткен. Бұдан бөлек, елімізде дербес кассациялық соттар құрылды.
Сот жүйесіне жасанды интеллект енгізіліп жатыр
Жиында сот саласын цифрландыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазір электронды сот ісін жүргізу жүйесі жетілдіріліп, цифрлық қызметтер мен жасанды интеллект элементтері қолданысқа енгізіліп жатыр. Мұндай технологиялар сот процестерін жеделдетуге, олардың ашықтығын арттыруға және азаматтардың сот қызметтерін пайдалануын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Депутаттар қандай мәселелерді көтерді?
Көшпелі отырыста халықтың сот төрелігіне қол жеткізу мүмкіндігін одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, депутаттар өңір тұрғындарының кассациялық соттарға жүгінуін жеңілдету және алқабилер қарайтын істердің санатын көбейту жөнінде ұсыныстар айтты.
Сондай-ақ жазасын өтеп жүрген азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін жеңілірек жаза түріне ауыстыру туралы өтініштерді қарау тәртібі сөз болды.
Бұдан бөлек, электронды бақылау құралдарын қолдануға қатысты мәселелер көтерілді.
Кездесу соңында депутаттар Жоғарғы Соттың интернет-залын, Ситуациялық орталығын аралап, судьялардың жұмысын жеңілдетуге арналған цифрлық көмекшілердің мүмкіндіктерімен танысты.