Қазақстанда құрылыс компанияларын цифрлық бақылау басталады

Бүгін, 18:44 / Аида Тоқсан
https://t.me/minpromstroykz

Қазақстанда құрылыс және жобалау ұйымдарының жұмысын бақылауға арналған жаңа цифрлық жүйе енгізілмек. Ол компаниялардың лицензиясын ғана емес, нақты мүмкіндіктері мен біліктілік талаптарына сәйкестігін де тексеруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Baspasoz.kz-ке сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында құрылыс саласын дамыту мен инфрақұрылымды жаңғыртуды маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы елімізде жаңа нысандар салынып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуы тиіс.

Ауқымды жұмыстарды сапалы орындау үшін жеткілікті техникасы, тәжірибелі мамандары және қажетті өндірістік базасы бар мердігерлер қажет. Алайда бүгінде елімізде тіркелген 80 мыңға жуық құрылыс лицензиясының болуы барлық компанияның белгіленген талаптарға сай жұмыс істейтінін білдірмейді.

Осы мәселені шешу мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында құрылыс саласының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Жиынға палатаның өңірлік филиалдары мен салалық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Кездесу барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Рысдәулетов Лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімін таныстырды.

Жаңа жүйе құрылыс және жобалау компанияларының заңда белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін тұрақты түрде бақылауға арналған. Атап айтқанда, цифрлық мониторинг кезінде компаниялардың штатында білікті мамандардың бар-жоғы, қажетті өндірістік базамен қамтамасыз етілуі мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер арқылы тексеріледі.

Жаңа жүйе құрылыс нарығына қалай әсер етеді?

Автоматтандырылған тізілім тапсырыс берушілерге мердігер компанияны таңдауда қосымша мүмкіндік береді. Бұдан былай ұйымның лицензиясы ғана емес, оның нақты әлеуеті, жұмыс тәжірибесі мен атқарған жобаларының нәтижелері де назарға алынбақ. Бұл өз міндетін адал орындайтын компанияларға тең мүмкіндік беріп, құрылыс нарығындағы ашықтықты арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар жаңа бақылау тетігі сапасыз құрылыс жүргізу қаупін азайтып, нысандардың белгіленген мерзімде пайдалануға берілуіне жағдай жасауға бағытталған.

Жауапты ведомствоның мәліметінше, автоматтандырылған тізілім құрылыс ұйымдарының тәжірибесі мен мүмкіндіктерін цифрлық деректер негізінде бағалауға жол ашады.

Жүйені 2026 жылдың қараша айында тестілік режимде іске қосу жоспарланып отыр.

Тэгтер:

Қазақстан құрылыс компания цифрлық бақылау