«Жасыл даму» АҚ COP31 конференциясында ынтымақтастық туралы төрт меморандумға қол қойды

Бүгін, 15:01 / taulik
Фото: Жасыл даму

Антальяда (Түркия) өтіп жатқан COP31 климаттық конференциясы аясында Қазақстанның ұлттық павильонында «Жасыл даму» АҚ төрт меморандумға қол қойды. Қоғамның жаңа әріптестері қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу, қалдық жинаудың заманауи жүйелерін әзірлеу және жаңартылатын энергетика салаларында жұмыс істейді.

«Жасыл даму» АҚ атынан құжаттарға Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай қол қойды. Меморандумдар тәжірибе мен технология алмасуды, әріптестікті дамытуды, сондай-ақ қалдықтарды басқару және циркулярлық экономика салаларындағы бірлескен жобаларды пысықтауды көздейді.

Фото: Жасыл даму

Әріптестердің бірі қалдықтарды сұрыптауға, қайта тиеуге және қайта өңдеуге арналған жабдық шығаратын ресейлік «АРМ» ЖШҚ болды. Компания атынан меморандумға бас директор Алексей Попов қол қойды. Кәсіпорын қалдықтарды сұрыптау кешендерін, қайта тиеу станцияларын және полимерлерді қайта өңдеу желілерін жобалап, шығарады. Ынтымақтастық аясында тәжірибе алмасу және қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуға арналған технологиялық шешімдерді зерделеу көзделген.

«Пуцер Ру» ЖШҚ (PUZER) атынан құжатқа бас директор Роман Плуток қол қойды. PUZER тұрғын үйлерде, қоғамдық және коммерциялық нысандарда қалдықтарды жинауға және әкетуге арналған инженерлік жүйелерді әзірлеп, енгізеді. Компания ұсынатын шешімдердің қатарында қалдықтарды құбырлар арқылы вакууммен тасымалдау жүйелері және толу деңгейін анықтайтын датчиктермен жабдықталған жерасты қалдық жинау жүйелері бар. Әріптестік осы технологияларды қолдану бойынша тәжірибе алмасуға және оларды Қазақстанда пайдалану мүмкіндіктерін қарастыруға мүмкіндік береді.

Фото: Жасыл даму

Тағы бір меморандум NULOOP компаниясымен жасалды. Компания атынан құжатқа бас директор Цзинь Вэньцзюнь қол қойды. Компания Алматы облысындағы «Қайрат» индустриялық аймағында пайдаланылған литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдейтін зауыт салу жобасын іске асырып жатыр. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 10 мың тоннаға дейін аккумуляторды қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Жобада көзделген технологиялар литий, мыс, алюминий және басқа да құнды компоненттерді бөліп алып, өнеркәсіпте қайта пайдалануға жол ашады.

Фото: Жасыл даму

Төртінші меморандум «ЛоопЭнерГрэн Капитал» ЖШС-мен (LoopEnerGren Capital) жасалды. Компания атынан бұл құжатқа да бас директор Цзинь Вэньцзюнь қол қойды. Кәсіпорын күн энергетикасы жобаларына маманданған және энергия жинақтау технологияларын дамытып келеді. Қазір «Қайрат» индустриялық аймағындағы кәсіпорындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қуаты 70 МВт күн электр станциясын салу жобасын іске асырып жатыр.

Қол қойылған меморандумдар алдағы бірлескен жұмысқа негіз болады. Нақты жобалар мен оларды іске асыру шарттары жеке пысықталады.

Фото: Жасыл даму