«Алатау» дәстүрлі өнер театры 10 жылдығына орай «ALMATY THEATRE FEST» республикалық фестивалін ұйымдастырады. Іс-шара 2026 жылғы 15–20 қарашада Алматыда өтеді, деп хабарлайды Taulik.kz.
Алматылықтар мен қала қонақтары фестиваль аясындағы барлық спектакльді тегін көре алады. Алайда орын саны шектеулі.
Фестиваль Алматы қаласының әкімдігінің, оның Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының және Қазақстан Театр сыншыларының бірлестігі ұйымдастырады.
Жоба арқылы ұйымдастырушылар отандық сахнадағы заманауи көркемдік ізденістерді саралап, жаңа режиссерлік, актерлік және сценографиялық үрдістерді кәсіби тұрғыда зерделемек. Сонымен бірге елдегі театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуды көздейді.
15 қараша күні сағат 15:00-де БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтеді. Жиынға М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Мақсат Нұралиев, өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс, театр сыншысы Анар Еркебай және театрдың көркемдік жетекшісі Мерей Маханов қатысады. Баспасөз мәслихатынан кейін, сағат 16:00-де фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Алты күнде көрерменге кәсіби театрлардың 10 қойылымы көрсетіледі. Қойылымдарды Қазақстан Театр сыншыларының бірлестігі жанындағы Сараптамалық кеңес іріктеді. Қатысушылар қатарында мемлекеттік театрлармен бірге тәуелсіз театр кеңістіктері де бар.
Сонымен қатар, іс-шара конкурс форматында емес, сондықтан жүлделі орындар қарастырылмаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат бәсеке емес, туындылардың көркемдік және эстетикалық мазмұнын көрсету.
Бағдарлама тек қойылымдармен шектелмейді. Әр спектакльден кейін театртанушылар мен театр мамандарының қатысуымен кәсіби талқылау өтеді. Ұжымдар сарапшылармен еркін пікір алмаса алады.