Сыртқы істер министрі Мұхтар Тлеуберді Брюссельде өткен жоғары деңгейдегі кездесуде Орталық Азия мен Еуропаны жалғайтын көлік бағыттарын кеңейту мәселесін көтерді, деп хабарлайды Taulik.kz сайты 24.kz-ке сілтеме жасап.
Кездесу Еуроодақ, Қара теңіз өңірі, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия арасындағы көлік, энергетика және цифрлық байланысқа арналды. Өңірлік қауіпсіздік мәселелері де қаралды.
Негізгі назар көлік, логистика, энергетика және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа аударылды. Қатысушылар Орта дәліз арқылы жүк тасымалын жеделдету мен кеден рәсімдерін оңайлату жолдарын талқылады.
Мұхтар Тлеуберді, Қазақстанның сыртқы істер министрі:
Мен біздің Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауы туралы айттым. Алдағы жылдары ауқымды құрылыс басталады. Оған Ұлттық қордан 13 миллиард доллардан астам қаражат бөлінеді. Біз еуропалық компанияларды осы жобаларды іске асыруға қатысуға шақырдық.
Министр бельгиялық кәсіпкерлерді Транскаспий көлік дәлізін дамытуға қатысуға да шақырды.
Sarens Group компаниясы Жетісу облысында құны 50 млн доллар болатын логистика орталығын салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ahlers Logistics компаниясы Қазақстан арқылы жүк тасымалдауға арналған цифрлық шешімдермен жұмыс істеуде. Екі жоба да елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Дэйв ван ден Бос, Ahlers Logistics бас директоры:
Біздің компания Қазақстанда шамамен 30 жылдан бері жұмыс істейді, қойма инфрақұрылымы мен логистикалық қызметтерді дамытып келеді. Экономикалық белсенділіктің өсуі мен Орта дәліздің дамуы аясында біз инвестицияны арттырып, елдегі қызметімізді кеңейтудеміз.
Маттиас Саренс, Sarens Group өкілі:
Қазақстанның географиялық орналасуы елге Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды логистикалық хабқа айналуға мүмкіндік береді. Біз Орта дәліз арқылы тасымал көлемі өседі деп сенеміз. Сондықтан логистикалық кешендерді дамытып, еліңіздің көлік инфрақұрылымына инвестиция салып жатырмыз.