Астанада «Алтын Ұя – Еркеле» орталығы ерекше балаларға көмек көрсетіп келеді

Бүгін, 13:57 / Аянат Балғабайқызы
Сурет: magnific.com

Елордадағы  «Алтын Ұя – Еркеле» орталығы аутизмі бар балалармен жұмыс істейді. Мұнда балалардың сөйлеу қабілетін дамытуға, қарым-қатынас орнатуына және күнделікті дағдыларды меңгеруіне арналған сабақтар өткізіледі деп хабарлайды Taulik.kz.

Орталық 2021 жылы төрт түзету кабинеті мен 15 баладан бастап жұмысын бастаған. Қазір мекемеде психологиялық қолдау, логопед-дефектолог көмегі, ABA терапиясы, арт-терапия және сенсорлық интеграция бағыттары бойынша қызмет көрсетіледі.

2022 жылдан бері орталық Астана қаласының әлеуметтік бағдарламалары аясында балалар мен олардың ата-аналарына тегін қызмет ұсынып келеді. Сабақтар баланың жеке қажеттілігіне қарай жүргізіледі. Мамандар сөйлеу және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға көңіл бөледі.

Орталықтың дамуына әлеуметтік жобаны қолдаған азаматтар да үлес қосқан. Олардың қатарында әлеуметтік қорғау саласының басшысы Ерлан Нұрланұлы Жүсіпов, Айгерім Абдукалиева, Айнұр Альмуханова және Зарина Марзагалиева бар.

Сондай-ақ орталықтың жұмыс істеуіне қажетті ғимараттың берілуі маңызды рөл атқарған. Бұл мәселеде «СПК» басшысы, басқарма төрағасы Бауыржан Серікұлы Баймұқаштың қолдауы атап өтілді.

Жаңа ғимарат балаларға арналған сабақтарды бір жерде өткізуге мүмкіндік берді. Мұнда олар мамандармен жұмыс істеп, жаңа дағдыларды меңгереді. Ата-аналар да баланың дамуын бақылап, қажетті кеңес ала алады.

Орталық мамандары баланың әрбір жетістігін жұмыс нәтижесі ретінде бағалайды. Алғашқы сөзін айтуы немесе жаңа дағдыны меңгеруі – тұрақты сабақтардың нәтижесі.

Ерекше балалармен жұмыс істеу үшін мамандардың көмегімен қатар, отбасының қолдауы да қажет. Сондықтан мұндай орталықтардың қызметі балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына да маңызды.

Тэгтер:

Астана Алтын ұя - Еркеле орталығы