Белгілі бір мекенжайдағы ұялы байланыс сапасының нашарлау себебін анықтау үшін инженерге енді нысанның координаттарын жүйеге енгізу жеткілікті. Жасанды интеллект негізіндегі көмекші жүйе желінің осы бөлігіндегі жағдайды талдап, мәселенің ықтимал себебін түсіндіріп береді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында «Кселл» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жамбакин мәлімдеді.
Компанияның айтуынша, жасанды интеллект құралдары бүгінде желіні жоспарлау, оңтайландыру және бақылау процестерінде қолданылады. Инженерлер интерактивті карта арқылы сигнал деңгейі төмен аймақтарды, жүктемесі жоғары базалық станцияларды және апат болған нүктелерді көре алады. Бұл деректер желіні тиімді дамытуға және инвестицияларды дәл жоспарлауға мүмкіндік береді. Базалық станцияда ақау туындаған жағдайда ЖИ-көмекші өтінімге істен шығудың ықтимал себебін және оны жою жөніндегі ұсыныстарды автоматты түрде енгізеді. Ал техникалық бригада маршрутпен қатар станцияның техникалық жай-күйі туралы ақпаратты алдын ала алады.
2023-2026 жылдары Kcell желілік инфрақұрылымды дамытуға 468 млрд теңге инвестиция салды. Осы кезеңде оператордың 4G желісімен қамтылған халықтың үлесі 72,5%-дан 92,7%-ға дейін өсті. Қазіргі таңда Қазақстан халқының 64,3%-ы 5G желісінің қамту аймағында тұрады.
Компания сондай-ақ желі сапасы жеткіліксіз аумақтарды кезең-кезеңімен жойып келеді. 2024-2026 жылдары анықталған 514 «ақ дақтың» 366-сы жойылған. Мысалы, Шымкент қаласындағы Бадам-2 шағынауданында орналасқан №97, №100 және №105 мектептердің маңында 2024 жылы 4G және 5G желілері болмаған. 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл аумақта екі желі де іске қосылды. Ал бір жылдан кейін 4G және 5G байланысы Шымкенттің 154-кварталындағы №49 мектеп маңында да қолжетімді болды.
Лицензиялық міндеттемелер аясында 2026 жылы Kcell 566 ауылдық елді мекенді 4G байланысымен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, Астана-Көкшетау, Астана-Қарағанды, Астана-Павлодар және Шымкент-Түркістан бағыттарындағы негізгі автожолдар бойында желі қамтуын кеңейтті.
Соңғы төрт жылда бір абоненттің мобильді интернетті орташа айлық тұтыну көлемі үш есеге артқан. Бұл жүктеменің едәуір бөлігін бүгінде 5G желісі көтеріп отыр. Егер 2023 жылы оператор желісіндегі мобильді трафиктің тек 2%-ы бесінші буын технологиясы арқылы өтсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 40%-ға жетті.
Желі сапасының тәуелсіз бағалауы да бұл ақпаратты растайды. Пайдаланушылар жүргізген Speedtest өлшемдерінің нәтижесі бойынша халықаралық Ookla компаниясы Kcell-ді екі жартыжылдық қатарынан, яғни 2025 жылдың екінші жартысында және 2026 жылдың бірінші жартысында Қазақстандағы ең жылдам мобильді желі деп таныды.