Алматыда Нұртас Тұрғанбектің "Кездесіп қалайық" атты поэзия кеші өтті

Бүгін, 16:41 / taulik
Фото: автордың жеке архивінен

Алматы қаласында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұртас Тұрғанбектің "Кездесіп қалайық" атты акустикалық поэзия кеші өтті. Өлең мен ән, сырлы әңгіме мен әсем әуен тоғысқан рухани кеш көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Кештің өн бойында ақын жырлары оқылып, сөзіне жазылған танымал әндер шырқалды. 

Нұртас Тұрғанбек – бүгінгі қазақ ән өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, тыңдарман жүрегінен орын алған көптеген хит әндердің сөзін жазған ақын. Оның шығармашылығында адам жанының нәзік иірімдері, туған жерге деген сағыныш, өмірдің мәні мен сезімнің сан алуан бояуы көрініс табады. Сондықтан ақынның өлеңдері әнге айналып, әуенмен әрленіп, көпшіліктің жүрегіне жол тауып келеді.

"Кездесіп қалайық" кеші де осы шығармашылық әлемнің қыр-сырын жақыннан танытуды мақсат еткен тағылымды жүздесу болды. Мұнда көрермен тек ән тыңдап, өлең оқылған сәттердің куәсі болып қана қоймай, ақынның шығармашылық жолы, туындылардың жазылу тарихы мен өнер адамдарының арасындағы қызықты оқиғаларға да қанықты.

Кештің жұлдызды қонақтары қатарында Абзал Утешов, Нұрым Қуаныш, Асылжан Абдулла және Иса Әлимұса өнер көрсетті. Олар ақын сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіре орындап, кештің көркемдік мазмұнын байыта түсті. Сонымен қатар жас өнер өкілдері Аманжол Ержан мен Қаршыға Әбдіқадыр да сахна төріне көтеріліп, Нұртас Тұрғанбектің сөзіне жазылған "Тоқта", "Мама" әндерін орындады.

Әншілердің орындауындағы туындылар көрерменге ерекше әсер сыйлап, залға жиналған жұртшылықты әсем әуенге бөледі.

Кештің негізгі арқауы – ақын поэзиясы. Нұртас Тұрғанбек сахнада "Ауылға барып қайттым, аға", "Менің қазір айғайлап тұрып ән айтқым келді", "Тұңғыш балам", "Жүрегің сенің құстай жылады", "Күрсіндің бе?", "Қоштасу жайлы ойлама", "Ауылдың баласы едім, аңғал едім" сынды өлеңдерін оқыды. Ақынның әр туындысы өзіндік ойымен, шынайы сезімімен ерекшеленіп, тыңдарманды бірде өткен күндерге жетелесе, енді бірде өмір, сағыныш пен адам жанының сырлары туралы толғандырды.

Поэзия кешінің тағы бір ерекшелігі әндердің шығу тарихына қатысты әңгімелердің өрбуі. Мәселен, Абзал Утешовтің орындауындағы "Дәруменім", "Бір ойлап алам" әндерінің жазылу тарихы айтылып, шығармашылық үдерістің беймәлім тұстары көрерменге ұсынылды. Әннің қалай туғаны, оған арқау болған ой мен сезім туралы әңгімелер кештің мазмұнын тереңдете түсті. Осылайша, сахнада ән мен өлең ғана емес, өнердің айналасындағы естеліктер мен шынайы сырлар да өрілді.

Акустикалық форматта ұйымдастырылған кештің басты ерекшелігі де осында. Артық сахналық әсерлерден гөрі сөздің салмағы мен әуеннің әсемдігіне басымдық беріліп, ақын мен көрермен арасында емен-жарқын байланыс орнады. Әр өлең мен әр әннің арасында өрбіген әңгімелер кештің табиғи әрі әсерлі өтуіне ықпал етті. Көрермен қауым бірде әуезді әнге құлақ түрсе, бірде жүрекке жақын жырларға ден қойып, рухани әсерге бөленді.

Ақын Нұртас Тұрғанбектің айтуынша, "Кездесіп қалайық" поэзия кешін алдағы уақытта көрермен сұранысына орай Қазақстанның өзге де қалаларында ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл бастама ақын шығармашылығын кеңінен танытып қана қоймай, поэзия мен ән өнерін тоғыстырған тағылымды кездесулердің аясын кеңейте түспек.

Алматыда өткен "Кездесіп қалайық" кеші өлеңді өміріне серік еткен, әннен әдемілік іздеген өнерсүйер қауымның басын қосқан мазмұнды жүздесу болды. Әсем ән мен мағыналы жыр, шынайы әңгіме үйлесім тапқан бұл кеш көрерменге рухани демалыс сыйлап, ақын мен оқырман арасындағы алтын көпірдің маңызын тағы бір аңғартты.

Тэгтер:

Ақын Нұртас Тұрғанбек шығармашылық кеш