Аймағамбетов соңғы кездердегі әрекеттеріңіз мүлдем түсініксіз болып бара жатыр - ШЫНЫБЕКҰЛЫ
Аймағамбетов соңғы кездердегі әрекеттеріңіз мүлдем түсініксіз болып бара жатыр - ШЫНЫБЕКҰЛЫ
Белгілі ұстаз, тарихшы Өмір Шыныбекұлы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке ашық хат жазды.
"Асхат Қанатұлы, сіз еліміздің білім саласына біраз еңбек сіңіргеніңізді тіпті дұшпандарыңыз да жоққа шығара алмайды. Еліміздің министрлері арасынан сіз тұңғыш рет ашық жұмыс істеуді бастадыңыз. Сіздің тұсыңызда "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданды. Белсенді педагогтардың ұсыныстары бұл заңға кірмей қалса да, өз басым мұны прогрессивті қадам деп есептеймін! Мен өзіңізбен кездескенде де, Мемлекеттік Хатшы Ерлан Каринмен кездескенде де министрліктен шығып жатқан құжаттардың көпшілігі шикі екенін айтқан болатынмын. Иә, бір орында жылдар бойы отырған кейбір меңгерушілер мен директорлардың сыбайластық тамыр жайып жібергені шындық. Ондайларды жылы орындарынан қозғау керек. Бірақ ол үшін алдымен проблеманы жан-жақты зерттеп, тәуекелдерді анықтап алып қана ротациялау туралы бұйрық шығару керек еді... Енді бірнеше жыл білім басқармалары, Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Департаменттері, министрлік және құқық қорғау органдары білім ошақтарынан түскен арыз-шағымдардан көз аша алмай қалатын болады...", - дейді Өмір Шыныбекұлы.Өмір Шыныбекұлы соңғы кездері Аймағамбетовтың әрекеттері көпшілік арасында түсініксіздік тудырғанын айтты.
"Д/ш және орыс тілі пәндерінің сағаттары қысқаратыны туралы педагогтар тек тамыз айында ғана білгені тіпті түсініксіз.. Ал енді, Абай облысы мектептерінде "Жеңіс диктанты" деген шара өтпекші екен деп желі шулап жатыр? Рас па? Иә, патриоттық тәрбие керек.. Бірақ дәл осы "Жеңіс" тақырыбы 9-мамырдың қарсаңы болса бір сәрі, қыркүйек айында қозғайтын мәселе емес қой.. Қысқасы соңғы кездердегі әрекеттеріңіз мүлдем түсініксіз боп бара жатыр... 17 тамыз күні "Сенімен болашақ" қоғамдық бірлестігінің жиынына қатысып сөз сөйлегеніңіз рас па? Менің поштама кеп түскен осы жиынға шақыртудың скринінде Рахымбек Жолаевтың дегеннің қолы тұр... Түркістан Облысының Білім Басқармасы бастығы қызметінде 3 жылға жуық отырған Р.Жолаев несімен есте қалды? Жолаевтың тұсында Түркістан облысының білім саласындағы былық шектен шықты. 2020 жылы онлайн-оқу кезінде компьютер алуға бөлінген миллиардтаған қаржының есебін кім береді? Өткен жылы Сайрам ауданы білім бөлімінің бастығы парамен ұсталды. Сарыағаш ауданы білім бөлімінің бастығы қателеспесем "адам өлтіруге тапсырыс берді" деген күдікпен қамауда отыр. Биыл көктемде Төлеби ауданы білім бөлімінің бастығы ұсталды. Бір айдай бұрын Шардара ауданы білім бөлімінің бастығы қамауға алынды деген қауесет тарады... Осылардың бәрі Р.Жолаевтың қол астында бірнеше жыл қызмет атқарған азаматтар...", - дейді ұстаз.
"Осындай "тарихы" бар Р.Жолаев басқаратын қоғамдық ұйым мен Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов арасында қандай байланыс болуы мүмкін деген сұрақ өзінен өзі туындап тұр.. Білетіндердің айтуынша "Жеңіс диктанты" деген шараның артында Ресейліктер тұрған көрінеді. Осы рас па? Ал жиынында сіз сөз сөйледі деген "Сенімен болашақ" ҚБ әспеттеп жүрген Амонашвили Грузияда туған кеңес ғалымы екенін көзі қарақты адам біледі. Оның ұлы өткізген тренингтен өзіңіз үшін жаңа не ала алдыңыз? Сонда сіздер Кеңес Одағын қайта тірілтпексіздер ме? Осы сұрақтарға жауап беріңізші, министр мырза...", -деп жазды Өмір Шыныбекұлы өзінің фейсбук парақшасында.
Taulik.kz