Жаңалықтар

Мемлекет пен қоғамның негізгі заңы - Конституция

Мемлекет пен қоғамның негізгі заңы - Конституция

Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялап, әлем картасынан Қазақстан Республикасы деген жас тәуелсіз мемлекет пайда болысымен 1993 жылдың 28 қаңтарында Республика Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Бұл Қазақстан Республикасының ең алғаш қабылдаған негізгі Заңы болатын. Конституцияда Қазақстан мемлекетінің құрылысы, биліктің заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөліну ұстанымдары айқындалды. Қоғам конституциялық заңдылыққа бағына отырып дамиды. Мемлекет пен қоғамның негізгі заңы ретінде Конституция бүкіл заң шығару ісінің қайнар көзі болып табылады. Конституция - бүкіл қоғамның тағдырын айқындайтын негізгі Заң болғандықтан, оған өзгеріс енгізу реттілігі өте қатаң бақыланып және ондай әрекет жиі қайталана бермейтіндігі барша жұртқа аян. Мұнан кейінгі 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар республикалық референдум арқылы енгізілу мүмкіндігі, осылайша халық Конституцияны қабылдап қана қоймай, ондағы мәселені шешуге атсалысатын болды. Ата Заңның бірінші бабында Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық және әлеуметтік ел екендігін баршаға баян етті. Қазақстан Республикасы Конституциясында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық» деп жарияланды. Қазақстан Республикасы егемен, тәуелсіз ел болып қалыптаса отырып, өркениетті елдермен терезесі тең болу үшін қажырлы еңбек етуде. Ата Заңымызды қабылдаған күн барша халқымыздың ұлы мерекесіне айналды. Ата заңымыз - Конституцияның қағидаларын мүлтіксіз сақтау, бұл әр азаматтың қасиетті борышы. Ұлы мереке - Конституция күні құтты, болашағымыз жарқын болсын.

Едіге Берекетұлы Бегенов

Түпқарған аудандық сотының төрағасы