Жаңалықтар

Қадыров басшылықтан кетпейтінін мәлімдеді

Қадыров басшылықтан кетпейтінін мәлімдеді

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров демалысқа шығу мәселесін қарастырып жатқан жоқ екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Taulik.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.  Осыдан бірер күн бұрын республиканы 15 жыл басқарып келе жатқан Қадыров "тым ұзақ отырдым" деп жазған болатын. Шешенстан басшысы неге олай жазғанын түсіндірді.
"Сол күні елді ұзақ басқарған басшылар туралы жазылған басылымға көзім түсті. Сосын өзімнің 15 жыл осы лауазымда отырғанымды ойлап, сіздердің пікірлеріңізді білуді жөн көрдім. Кейінірек елге 27 жыл қызмет атқарған басшылар бар екенін біліп, ескеріп, ұзақ отырмағанымды түсіндім. Сондықтан осы рекордты жаңартуды шештім. Көрейік. Мен бұл көрсеткішті жеңе аламын деп ойлаймын. Халық маған ел басшылығын сеніп тапсырды. Ал бұл сенімді ақтау - менің қасиетті борышым. Мен халықтан және Ресей президентінен сұранып ғана кете аламын. Сондықтан мерзімсіз еңбек демалысы туралы әңгімені болашаққа қалдырамыз. Енді жыл сайынғы еңбек демалысымды да алмаймын", - деп жазды Қадыров.
Сондай-ақ ол қазіргі лауазымынан басқа жұмысқа ауысуды ешқашан ойламағанын мәлімдеді.
"Сізге сөз беремін, маған ешқашан басқа қызмет ұсынылмаған, мен де сұраған емеспін", - делінген Қадыровтың жазбасында.

Taulik.kz