Құран деп «Масаның» түпнұсқасын сақтаған
Құран деп «Масаның» түпнұсқасын сақтаған
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қоры Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» кітабымен толықты. Түпнұсқа күйінде сақталған туындыны Ертіс өңірінің тұрғыны тарту еткен, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Айқынға сілтеме жасап.
Құнды жәдігерді Павлодар облысы Аққулы ауданының тұрғыны жылдар бойы сақтап келген. Музей директоры Ербол Қайыровтың айтуынша, бұл аймақта қазақтың ұлы ойшылы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы мен өміріне қатысты табылған алғашқы жәдігер.
«Халық музейге құнды кітаптар мен қолжазбалар тапсырып жатыр. Мысалы Аққулы ауданының тұрғыны қолжазба үйіндегі материалдарды тапсырып кетті. Сұрыптап қарасақ, үш кітап екен. Ішінде Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағы бар. Туындыда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалы туралы жазылған. Бұл кітап үш рет басылып шығарылғаны тарихтан белгілі. Бірінші рет 1911 жылы Орынбор қаласында, кейіннен 1914 жылы екі мәрте жарық көрген», – дейді Ербол Қайыров.Түпнұсқа кітап осы уақытқа дейін Шақа ауылының тұрғыны Нұрлан Қасымов есімді азаматтың үйінде сақталыпты. Сол шаңырақта 30 жыл бойы жатқан. Мамандардың айтуынша, кітаптың төте жазумен басылған 100-ге жуық парағы бар. Тағы екі кітаптағы материалдар тыңғылықты зерттеледі.
«1988 жылдар болу керек. Ағам үйленіп, Екібастұз қаласындағы қайын жұртына барды. Сонда араб әрпіндегі кітап болды. Дінге жақын тұратын халықпыз ғой. Құран екен деп сақтап келдік. Кейін Құран Кәрім емес екенін білдік», – дейді Аққулы ауданының тұрғыны Талғат Қасымов.Мәдениет ошағы жыл басында «Музейге – жәдігер» акциясын жариялаған көрінеді. Содан бері музейге 40-тан астам құнды экспонат тапсырылған. Ал келесі жылы «Алашордалықтардың ізімен» атты облыстық экспедиция бастау алады. Шара шеңберінде Алаш орда тарихы, қайраткерлердің шығармашылығы мен өмірі туралы зерттеулер жүргізілмек.
Taulik.kz