Жаңалықтар

Мақат вокзалында ана ұлын 80 жыл соғыстан «күткен»

Мақат вокзалында ана ұлын 80 жыл соғыстан «күткен»

Атырау облысы Мақат ауылындағы вокзалда ұлын Ұлы Отан соғысынан қайтар деген үмітпен күткен анаға арналған ескерткіш орнатылды, - деп хабарлайды Taulik.kz .

2021 жылдың желтоқсан айында Мақат ауылының теміржол вокзалында Сәнді Денгелбайқызының ескерткіші ашылды. Бұл әжей 30 жыл бойы күн сайын дерлік вокзалға келіп, келе жатқан пойыздардың барлығын қарсы алып, 1942 жылдың қыркүйегінде майданға аттанған жалғыз ұлы Нәбиді келіп қалар-ау деген үмітпен күтіп жүрген.

Соғыс жылдарында анасы ұлынан Сталинград майданындағы ұрысқа қатысқаны туралы бір ғана хат алған.

Одан кейін еш хабар болмаған, бірақ апамыз үмітін үзбей, 1973 жылы 95 жасында, қайтыс болғанға дейін станцияға келіп жүрген.

«Темір жол вокзалы – адам тағдырының сан алуан тарихының куәсі.Ол кезде Мақат станциясына Орынбордан бір ғана жолаушылар пойызы келетін.

Бүгін 15 жолаушылар пойызы тоқтайды. Сәнді Денгелбайқызы 30 жылдан астам ыстықта да, суықта да, қарда да, жаңбырда да, станцияға келуді тоқтатқан емес. Өмір бойы ұлын көруден үмітін үзген емес. Вокзалдағы ана әскери киім киген ер-азаматтарды кездестіріп, еміренетін.

Пойыздан түскен жолаушылардан оның ұлын көргендер бар ма деп сұраған. Сонау  жылдарда вокзал ғимараты халық жиналатын жалғыз орын болатын. Ғимараттың ішінде шағын ағылшын пеші болды, оның айналасында адамдар жылынатын», - дейді Мақат станциясының ардагері, әжейдің туысы Орақ Денгелбаев.

Сәнді Денгелбайқызы 1879 жылы Тайсойғанда дүниеге келген. Туыстарының айтуынша, жолдасы Махамбет 1920 жылдар шамасында қайтыс болған. Олардың жалғыз ұлы Нәби 1907 жылы дүниеге келген.

Ана ескерткіші Мақат ауылының бұрынғы әкімі Шәкір Кейкиннің бастамасымен орнатылды. Ескерткіштің ашылуына Мақат станциясының теміржолшылары да белсене атсалысып, қазір ескерткіш айналасын тәртіпке келтіруде.

Taulik.kz