Жаңалықтар

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс туралы мәлімдеме жасалды

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс туралы мәлімдеме жасалды

Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі 18 қыркүйекте кешке Тәжікстанмен шекарадағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Taulik.kz АКИpress басылымына сілтеме жасап. Ведомство тәжік тарапының әрекетін "Қырғызстанның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қолсұғу" деп бағалады. "Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2022 жылғы 14-17 қыркүйекте өз егеменді аумағында болған оқиғаларды Тәжікстан Республикасының елге қарсы алдын ала жоспарланған қарулы агрессия әрекеті ретінде қарастыратынын мәлімдеу қажет деп санайды. Тәжік тарапының адамгершілікке жатпайтын әрекеттері салдарынан 2022 жылдың 18 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Қырғыз Республикасының 46 азаматы қаза тауып, 140-ы жараланған. 140 мыңға жуық адам эвакуацияға мәжбүр болды. Орасан зор материалдық шығын келтірілді. Тәжік тарапының "Тәжікстан Республикасына қарсы қарулы агрессия жасады" деген негізсіз айыптауы жауапкершілік пен кінәні Қырғыз Республикасына арту әрекеті деп есептейміз. Тәжік тарапы Қырғыз Республикасының қорғаныс іс-әрекетіне нұқсан келтіруге бағытталған кең ауқымды жалған ақпарат тарату науқанын бастады. Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен басқа да құзырлы органдарының ақпараты шындыққа сәйкес келмейтінін жауапкершілікпен мәлімдейміз. Қырғыз тарапында агрессияның басы жазылған барлық дәлелдер (фото және бейнематериалдар), сондай-ақ Тәжікстан әскерилерінің Қырғыз Республикасы аумағында жасаған барлық бұзақылығы мен қылмыстары бар. Қажет болса, қырғыз тарапы бұл дәлелді беруге дайын. Тәжікстан Республикасы аумақтық тұтастық, мемлекеттік шекаралардың мызғымастығы, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу, күш қолданбау және күш қолданумен қорқытпау, сондай-ақ БҰҰ Жарғысында және басқа да халықаралық құжаттарда бекітілген Адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу сияқты негізгі халықаралық қағидаттарды өрескел бұзды. Қырғыз Республикасы Қырғызстанның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне опасыздықпен қолсұққан тәжік тарапына қарағанда, шетелдің территориясын басып алуды мақсат етпей, тек қорғаныс позициясынан әрекет етті, бұл Тәжікстанның аумақтық талаптары бар екенін тағы бір рет растайды. Қырғыз тарапы тәжік тарапынан Қырғыз Республикасының аумағына қолсұғудың перспективасыз жоспарларынан және шекаралық аймақтағы жағдайды ушықтыру жөніндегі көздеген мақсаттарынан бас тартуды талап етеді. (...) Бірнеше рет атысты тоқтату туралы келісімдерге қарамастан, тәжік тарапы арандатушылықпен атқылауын жалғастырып, Қырғыз Республикасының Баткен облысындағы Достук, Ақсай, Интернационал, Жаштык, Борбордук, Арка, Кулунду... сияқты кейбір елді мекендерді басып алғанын атап өтеміз. Тәжік тарапының әрекеті ауқымды мемлекетаралық қақтығыстың тұтануына, сондай-ақ жалпы Орталық Азия аймағындағы жағдайдың тұрақсыздануына әкелуі мүмкін. Оның үстіне, тәжік тарапы тудырған жағдай қазірдің өзінде бейбіт тұрғындардың, әскери қызметкерлердің шығынға ұшырауына, әскери және азаматтық инфрақұрылымға, жергілікті тұрғындардың денсаулығы мен мүлкіне елеулі залал келтірді.

Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігі екі ел арасындағы дауларды тек қана бейбіт жолмен және келіссөз үстелінде саяси-дипломатиялық әдістермен шешу қажеттігі туралы өзінің өзгермейтін ұстанымын растайды", - делінген Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі хабарламасында.

Taulik.kz