Жаңалықтар

Бірнеше үйге ұрлыққа түскен ұры ұсталды

Бірнеше үйге ұрлыққа түскен ұры ұсталды

Түркістан облысында полицейлер  бірнеше үйге түсіп, қомақты қаржы жымқырған ұрыны құрықтады. Оқиға Сауран ауданында тіркелген, деп хабарлайды Taulik.kz сайты. Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, түнгі уақытта оның үйіне белгісіз біреу ағаш терезесін бұзып, әйнектерін алып тастау арқылы кіріп, ұрлыққа түскен. Содан ұры бөтеннің үйіне заңсыз еніп, жатын бөлмеде тұрған сөмкесінен 260 000 теңге ақшасын және тиын жинағышын қолды еткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.  Арадан 20 күндей уақыт өткенде полицияға тағы бір жергілікті тұрғын хабарласып, дәл осындай ұрлықтың құрбаны болғанын жеткізді. Яғни ұры оның үйіне де ұрлыққа түсіп, 200 000 теңгедей ақшасын және тиын жинағышын жымқырып кеткен. Аталған жайтты бірден тіркеуге алған полицейлер, іздестіру шараларын күшейтті. Екі жайтты да бір күдікті жасауы мүмкін екенін алға тартып, сол бағытта жұмыс жасады.  Куәлардан жауап алып, қылмыс орнын мұқият тексерді. Нәтижесінде күдіктінің түр-әлпеті анықталып, аты-жөні мен тұратын мекенжайы белгілі болды. Тәртіп сақшылары өзгенің ақшасын жымқырған жұмыссыз жергілікті тұрғынды ұстады. Жас жігіттен айғақты зат ретінде қораға жасырып қойған ақша алынды. Анықталғандай, күдікті жәбірленушілердің үйінде ешкім жоқтығын пайдаланған. Ал копилкадағы тиындарды ірілетіп алған. Ақшаның бір бөлігін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда.                                                                                                                                                   Taulik.kz