Жаңалықтар

Әшімбаев: Ресейдің бізге келгісі келетін азаматтарын шектей алмаймыз

Әшімбаев: Ресейдің бізге келгісі келетін азаматтарын шектей алмаймыз

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанға көшкісі келетін ресейліктер жөнінде журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Taulik.kz сайты  Ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап. «Консультациялардың барлығы жүріп жатыр. Бұл жерде біз бір нәрсені ескеруіміз керек. Біздің басқа елдермен келісімдеріміз, шарттарымыз бар. Соған сәйкес міндеттемелеріміз бар. Қазір бізге шетелден адам көп келіп, олардың бәріне ықтиярхат берілуі мүмкін деген сұрақ туындап жатыр. Егер Ресей азаматтары бізге келгісі келсе, біз бұл процесті шектей алмаймыз. Шектемеуіміз де  керек. Белгілі бір шаруаларымен келіп, кетіп қалатын болса, бәрі заңнама шеңберінде болса, бұл тұрғыда ешқандай мәселе туындамауы керек», - дейді Мәулен Әшімбаев. Сенат спикері бұл мәселені реттеп отыратын заңнамалар барын атап өтті. Сөзіне қарағанда, Ресейден ғана емес, басқа мемлекеттен Қазақстанға бір азамат келгісі келсе, оған ықтиярхат оңай берілмейді. «Келген азамат әкелуі тиіс құжаттар мен толтыруы тиіс тізім бар. Сол құжаттарды ол біздің құзыретті органдарға тапсыруы керек. Сол құжаттардың ішінде «аталған азамат өзі келген мемлекеттің келісімі де» болуы керек. Заңнамада бұл нақты көрсетілген. Тиісінше, егер басқа елдің азаматына сол мемлекеті шығуға рұқсат бермесе, яғни ол азамат тиісті құжатты тапсырмаса, Қазақстан ықтиярхат бере алмайды. Соны түсіну керек. Сол себепті біздің заңнамада тиісті құжаттардың бәрі көрсетілген», - деді ол. Сөз соңында Әшімбаев БАҚ өкілдерін «жағдайды ушықтырмауға, драмаға айналдыруға» шақырғысы келетінін білдірді. «Біздің халық болып жатқан жағдайды дұрыс қабылдауы керек. Дүрбелең көтерудің қажеті жоқ. Мемлекеттік органдар бұл жағдайды біледі. Бұл мәселені біз де бақылап отырмыз», - дейді ол. Еске сала кетсек Ресейде ішінара мобилизация жарияланған соң ол елде жаппай дүрбелең басталды. Ресейліктердің көбі шетел асып кетуді ойлап, барлық мүмкіндікті қарастырып жатыр. Желіде Ресейден Қазақстанға келуге көмек беретін арнайы Telegram-чаттар да ашылған.                                                                                                                                                   Taulik.kz