Жаңалықтар

Қазақстанда қыдырғым келіп кетті: Ресей азаматтары не үшін елге келгендерін түсіндірді

Қазақстанда қыдырғым келіп кетті: Ресей азаматтары не үшін елге келгендерін түсіндірді

Ресей Федерациясынан Қазақстан аумағына  өтетін  автокөліктер саны 20 пайызға өскен, деп хабарлайды Taulik.kz Аstanatv-ға сілтеме жасап. Олардың Қазақстанда болу тәртібі заңмен реттеледі. Ал заңнама талаптарын орындамаған шетел азаматы мемлекет аумағында жүре алмайтынын айтады. Шекарашылардың айтуынша, Ресейден ағылғандардың саны кешелі бері күрт көбейген.  Келіп жатқандардың дені жастар дейді. Қазір шекарадан шыға берісте мынадай жеңіл көліктер көп жиналған. Бұлардың бәрі – Оралдың таксилері. Шекарадан шыққан Ресей азаматтарын қалаға жеткізу үшін кемінде 2 мың рубль сұрайды. Ол біздің теңгемен шаққанда шамамен 15 мың теңгеден асады. Қазір  осы таксистердің кәсібі дәуірлеп тұр. Жаяу-жалпылап жеткен ресейліктерді күтіп алып, қалаға жеткізеді. Елге келгендердің бірі аяқ астынан сапарға шықтық, туристпіз десе, енді бірі  іссапармен жүрміз дейді. БЛИЦ:  
– Кенет Қазақстанға барып қыдырғым келіп кетті. Сосын келіп қалдым. Атырауға барып, Каспий теңізіне шомылсам деймін. Сонда екі аптадай боламын. – Қазан қаласынан келе жатырмын.   Қазақстанда бір айдай боламын. Өйткені қатты ұнап қалды. – Шекарадан жаяу өттік. Бірақ Астанаға көлік сатып алуға барамын. Сол жақта мәшине арзан дейді.
Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға ағылған ресейліктер туралы түсініктеме берді. Қазір барлық мемлекеттік орган штаттық режимде жұмыс істеп жатыр және жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Аслан АТАЛЫҚОВ, ҚР ІІМ КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ М.А.:
Қазақстанда мигранттардың келуі мен болуы –  Көші-қон бақылауында. Шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібі заңмен реттеледі. Бірде-бір шетел азаматы көші-қон заңнамасының талаптарын орындамай, мемлекетіміздің аумағында болуға құқығы жоқ. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстан Республикасында болудың рұқсат етілген мерзімі мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап, ортақ ереже бойынша 90 күннен кейін аяқталады.

Taulik.kz