UIA. Ұлтуардың бейне күнделігі. Ұлттық мәдениетті заманауи стильде сөйлеткен кім?
UIA. Ұлтуардың бейне күнделігі. Ұлттық мәдениетті заманауи стильде сөйлеткен кім?
Әлеуметтік желі дамыған заманда жастарды таңқалдыру оңай емес. Олар желіден түрлі ақпарат көріп, қарапайым нәрсеге мән бермейтін де болған. Ал UIA жобасының авторлары таптаурындарды бұзып, жастар арасында кеңінен танылып үлгерді. Жобаның қандай ерекшелігі бар? UIA жастарды қандай бағытқа бастап барады? Дәл осы сұрақтарға жоба авторларының бірі Даулет Ерсаинов жауап берді.
UIA жобасының атворлары: Сабыржан Нұрғалиев, Амир Кайпиев, Даулет Ерсаинов, Әділет Доқтырбек. Бүгінгі сұхбатта жобаның тарихы, болашағы, қазіргі көрінісі туралы сөз қозғадық.
– Жоба тарихын баяндап берсеңіз. Қашан, қалай, не себепті бұл жобаны қолға алдыңыздар? Идея қалай пайда болды?
– Идеяны командадағы Амир деген жігіт ойлап тапқан. Команда мүшелерінің екеуі Италияда білім алып жүргенде, олар қазақ жігіттермен дос болады. Содан бұлар бірігіп оқу орнында Қазақстан апталығын жасаған. Апталық кезінде балалардың, группаластарының мәдениетті дұрыс білмейтіндігін, ұлттық тағамдарды ажырата алмайтындығын көргенде, қатты қынжылады. Сөйтіп екеуіне Қазақстанға оралған соң, осындай жобаны бастайық деген идея келеді. Амир мен Сабыржан Италиядан елге оралып, карантинде, карантиннен кейін командадағы қалған балаларға идеяны айтты. Олардың айтқанының ауқымды әрі маңызды мәселе екенін түсіндік. Солай жобаны қандай форматта істейтініміз туралы ойлана келе, бастап кеттік.
– Жобаны бастаудағы мақсаттарыңыз қандай еді? Қазіргі уақытта соған қаншалықты қол жетті?
– Жобаны бастаған кезде қазақтың ырымдарын, ұлттық тағамдарын жасөспірімдерге, 13-18 жас аралығындағы балаларға көрсету – мақсатымыз болатын.Жастардың ең көп отыратын платформаларынан зерттеп, Instagram, TikTok, Youtube арналарында ең танымал форматта видео түсіруді ұйғардық. Жоба жастардың көп ауқымын қамтиды деп сендік. Шын мәнінде ойлағанымыз жүзеге асты деп ойлаймын. Бірақ бұл біздің істегіміз келетін жобаның 10%-ы ғана. Алдағы мақсаттар одан да үлкен. Негізі жоба Қазақстан бойынша да, шетелде жүрген жастарға да мәдениетімізді үйретуге бағытталған, соны мақсат қылып қойдық. – Жоба авторлары кім, қандай мамандықты меңгерген? Авторлардың қызығушылығы мен жобадағы орны туралы айтып өтсеңіз. – Жоба авторлары ретінде 4 адамды айта аламын (жоғарыда аттары аталған). Төртеуміз де кәсіпкерміз, ортақ достарымыздың арқасында Астана қаласында өткен кеште таныстық. Мамандықтарымыздың бұл жобаға бағдарланғаны жоқ. Десе де бізге «Шабыт» университетінің студенттері көп көмектесті. Оларға идеямызды айтқан кезде ұнатып, кино, сурет, музыка сферасындағы жас мамандар жобаға қолғабыс етті. Олардың шеберліктері мен біздің идея (қаражат) бір арнаға тоғысқанда, өздеріңіз көріп отырған жоба дүниеге келді. – Instagram желісіндегі айдарларды қандай мақсатта бөліп қойдыңыздар? Қандай айдарлар бар? «UIA: Ұлтуардың бейне күнделігіне» жеке тоқталып өтсеңіз. – Жастарға сериал түрінде «Ұлтуардың бейне күнделігімен» қоса, пайдалы фактілерді беріп отыруды ұйғардық. Себебі біздің айдарлар қазақтың зиялылары, өнері, қылқалам шеберлерінің салған суреттері туралы болды. «UIA: өнер», «UIA: жаңалық» деген айдарларымыз бар. Барлығын жай форматта емес, видео форматта, жастарға көруге оңай болатын, қысқа мәтін түрінде беріп отырмыз. «Ұлтуардың бейне күнделігіне» келетін болсақ. Ол жерде ХVII-XVIII ғасырдағы қарапайым қазақ отбасының өмірі суреттеледі. «Егер Ұлтуардың қолында телефон немесе Instagram болатын болса, ол аудиториямен қандай қызықтармен бөліседі?» деп ойладық. Қарапайым отбасының өмірі, әрбір отбасыда болатын қызықтар, олар ұстанатын салт-дәстүрлер, мен пісіретін тамақтары секілді ауқымды қамтыдық. Сол отбасының сюжеті арқылы сол кездегі қоғамды жастардың санасына сіңіргіміз келді. Баяндау форматында көрсетіп, сюжеттік линиясын байланыстырдық. Жобаға сценаристер, театрлардан алынған актерлар алынды. Басталғанға дейін кастинг болып, актерлер мен актрисалар таңдап алынды. Режиссура, сценарий, художник-постановщик студенттер болды. Олардың арқасында сапалы контент өндірдік деп ойлаймын. – Жобаның басталғанына әлі толықтай бір жыл болған жоқ. Десе де танымал болып келесіздер. Халық сіздің жобаға неліктен қызығушылық білдіріп жатыр деп ойлайсыз? – Жобаны дайындап, осы деңгейге жеткізуге көп уақыт кетті. 2021 жылдың мамыр айларынан бастап дайындықты бастап, қыркүйекте предпродакшнге кірістік. Баяндамалар, сценарийлерді дайындап дегендей. Күтпеген жерден үлкен аудиторияға қол жеткіздік. Әлеуметтік желілер аудиторияның қалыптасуына, сұранысқа ие болуымызға көп көмектесті.
Айта кету керек, жобаны жүргізу барысында таргет, жарнама, блогерлік жарнама мүлдем болған жоқ. Барлығы – тірі аудитория. Өздері жиналды, бір-бірінен көрді, репост жасады.– Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде сіздер секілді пайда болып жатқан парақшаларға деген көзқарасыңыз қандай? Бұл салада конкуренция байқала ма?
– Біз секілді әлеуметтік, қазақтың мәдениетін дамытуға арналған парақшалар көбейіп келе жатқанын біз де білеміз. Ондай парақшалар бізге дейін де көп болды, бізден кейін де бола бермек. Мақсатымыз – оларды конкурент көріп, контентін ұрлау емес, керісінше оларды толықтыру. Былай айтқанда, олар істемеген нәрсені біз толықтырып, біз істеген нәрсені олар толықтырса деген арман болатын.Көптеген жобалардың, фильмдер мен сериалдар, сценарийлердің атворларымен, басшыларымен, үлкен компаниялармен тығыз жұмыс істейміз. Астана, Алматы, басқа да қалаларға барып, кездесіп, жобалар бойынша ақылдасып тұрамыз. Сонымен қатар коллаборациялар туралы сөйлесеміз. – Осындай танымдық бағытта жоба істегісі келетін жастарға қандай кеңес бересіз?
– Қазір бізге көмектескісі келетін, бізбен танысқысы келетін жастар көп. Жастардың талпынысы қатты қуантады. Бұл сферадағы ең маңызды фактор – жастардың құлшынысы.Қазіргі жастар жаңа заман жастары, өте креативті. Өйткені оларда бұл бағыттың шетелдік нұсқасын зерттеуге мүмкіндік бар. Олардың бұл өмірде бір кірпіш боп қалануларына тілек білдіргім келеді. Ескеріңіз, жоба бір істегеннен пайда болмауы мүмкін, екіншіден, үшіншіден пайда болатын шығар. Айта кету керек, әлеуметтік жоба болғандықтан, қаржыландыру жағы қиын. Бірақ бірігіп команда болып жұмыс істегенде, біреу – қаржы, бірі – идея, енді бірі – реквизитке жауапты болып, жобаны жүзеге асырудағы жеңіл жол қалыптасады. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ
Taulik.kz