Шымкентте 6 жылдан бері ішімдік пен темекі өнімін тұтынбайтын ауыл бар
Шымкентте 6 жылдан бері ішімдік пен темекі өнімін тұтынбайтын ауыл бар
Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Алмалы ауылының тұрғындары ішімдік пен темекіден мүлдем бас тартқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда алты жылдан астам алкоголь мен темекі сатылмаған. Ал полицейлер сол кезден бері ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмегенін айтады, деп хабарлайды Taulik.kz сайты "Отырар" арнасына сілтеме жасап.
Жетісай ауданы, Алмалы ауылының тұрғындары маскүнемдікпен осыдан алты жыл бұрын күресе бастаған. Бұл идеяны жергілікті ақсақалдар ұсыныпты. Ал алмалылықтар болса, бірауыздан қолдаған. Сол кезден бастап дүкен сөрелерінен ішімдік мен темекіні түгелдей алып тастапты. Сондай-ақ мұнда ажырасу мен құқық бұзушылыққа жол берілмейді. Сондықтан бұл ауылда жыл басынан бері бір де-бір тонау немесе ұрлық фактілері тіркелмеген, ал соңғы бес жыл ішінде ешқандай отбасының шаңырағы шайқалмаған. «Алмалы ауылында ұрыс-керіс жоқ. Отбасында ажырасу деген мүлде жоқ. Қандай да бір мәселе туындаса, біз үлкендермен бірге бәрін келісіп шешеміз», - дейді Алмалы ауылының биі Төлепбай Саратов. Бәрінен де жергілікті тұрғындар ақсақалдар құрған заңға дән риза. Ал сатушылар жастардың денсаулығына зиянды тауарды сөрелерден еш қарсылықсыз алып тастағанын айтады. «Біздің дүкендерде алкоголь немесе темекі сатылмайды. Жергілікті тұрғындар үйреніп қалған. Тіпті азық-түлік дүкендерінде алкоголь мен темекіге сұраныс жоқ», - дейді ауыл сатушысы. Ауыл тұрғындары таң бозынан кешке дейін егіс алқаптарында өз жұмыстарымен айналысады. Тіпті жағымсыз әдетке олардың уақыты да жоқ екен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ішімдік қойылмаған мерекелер одан да қызықты өтетін көрінеді. Арқа-жарқа болып тарқасқан халық, ертесіне еш қиындықсыз өз шаруаларына кіріседі.
Taulik.kz