«Халықтың құқықтық сауаттылығы жоқ»: пәтер иесі шығарып жіберсе не істеу керек?
«Халықтың құқықтық сауаттылығы жоқ»: пәтер иесі шығарып жіберсе не істеу керек?
Құқық қорғаушы Шыңғыс Сейфулла «Ашық алаң» бағдарламасында еліміздегі пәтер бағасының қымбаттауына байланысты дауға нүкте қойды, деп хабарлайды Taulik.kz сайты.
«Бізде бұл мәселе заңмен жақсы реттелген. Қазақстанда азаматтық кодекс бар. Азаматтық кодексте пәтер жалдау шарттары, екі тараптың құқықтары мен міндеттері жақсы көрсетілген. Мәселен, егер пәтердің иесі жалдау құнын көтергісі келсе, заң бойынша ол пәтерді жалдап отырған адамға 1 ай бұрын хабарлауы керек. «Келер айда жалдау құны осынша болады» деп ескерту хабарламасын жіберуі маңызды. Хабарламада жалдау құнын өзгерудің нақты негіздері болуы шарт.
Бізде азаматтық кодексте жазылған, инфляция болсын, бағалардың жоғарылауы болсын, тарифтердің жоғарылауы болсын деген мәселе көрсетілген. Яғни, жай хабарлама жіберу ғана емес, сол хабарламада пәтерді көтерудің нақты негіздері болуы керек. Ары қарай пәтерде тұрып жатқан адам хабарламаны алады да, оған келіспеген жағдайда жауап жібереді. «Сіздің талабыңызбен келіспеймін, сізбен арамызда келісімшарт бар, сол шарт бойынша мен ақыңызды төлеймін» дейді. Бұдан кейін пәтер иесі заң бойынша сотқа ғана жүгіне алады. Тек сот арқылы шешімді өзгерте алады. Ал сотта дәлелді негіздер келтіруі керек, келтіре алмаса, сот оның арызын қанағаттандырмай тастайды», – дейді ол.Құқық қорғаушы қандай жағдайда пәтерді жалдап жатқан адам 102-ге хабарласып, полиция шақыра алатынын айтып өтті.
«Бізде халық көбіне «жалдау ақысын келесі айда осынша төлей алмасаң, үйді босат» дейді. Баса-көктеп кіреді де, бала-шағасымен, заттарымен шығарып тастайды. Халық соған көніп, үн-түнсіз шығып кетеді. Егер сол сәтте, баса-көктеп кірген кезде пәтерді жалдап жатқан адам 102-ге хабарласып, полиция шақырып, арызданатын болса, ана кісі қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бізде 389 бап бар. Сол баппен пәтер иесін тікелей қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады», – дейді маман.Сонымен қатар ол жоғарыда айтқан сөзін нақтылай келе, проблема біздің халықтың құқықтық сауатсыздығында болып тұрғанын айтты. «Жалдау құнын өзгерту үшін екі тарап қосымша келісімге қол қоюы керек дедім. Егер бір тарап келіспесе, соттың шешіміне жүгінуге тура келеді. Бізде басқаша жол жоқ. Басқаша шаралар істейік, заң қабылдайық деген болмайды. Бізде заң осы мәселенің барлығын жақсы реттеп тұр. Проблема біздің халықтың құқықтық сауатсыздығында. Басқа проблема жоқ.
Айта кетейік, егер екі тарап жазбаша емес, ауызша бір жылға дейін келісімге келсе, онда ол да соттың алдында жалдау шарты болып есептеледі. Яғни, сенің каспиймен жіберіп отырған ай сайынғы төлемдерің, коммуналдық ақыны төлеген переводтарың, соның барлығын сотта көрсетіп, бұл кісімен 1 жылға келісімге келгеніңді айтасың. Сот оны алып, қанағаттандырусыз қалдырады», – дейді құқық қорғаушы.
Taulik.kz