Жастар 3 нәрсенің маңызын түсінуі керек – Президент
Жастар 3 нәрсенің маңызын түсінуі керек – Президент
Жұмыссыздық мәселесін қай жағынан алсақ та көтеруге болады. Дегенмен оның шешу жолын кез келген мемлекет тауып, идеал деңгейге шығып кеткен жоқ. Себебі бұл барлық қоғамда болатын проблема. Алайда оның азайтудың, проблеманы шешудің жанама жолдары да бар. Бұл – еңбекқорлық.
Осы орайда «елдегі жұмыссыздықты қалай жоюға болады?», «халық жұмыспен қамтылу үшін адамның бойында қандай қасиет болуы керек?» деген ой келеді. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы сұрақтарға үндеуінде толық жауап берді деп айта аламыз. Президенттің пікірінше, елдегі жұмыссыздықтың алдын алу үшін жастар еңбекқорлық деген қасиетті бойына сіңіруі керек.
«Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық.
Бір сөзбен айтқанда, еңбекқорлық – қазіргі заманда бізге аса қажет құндылық. Осы қағиданы кеңінен дәріптеуіміз керек. Менің мұны Семей төрінде тұрып айтуымның өзіндік себебі бар. Өйткені бұл – әрдайым жас ұрпақты жақсылыққа, жаңашылдыққа жетелеген жер.
Жуырда Нью-Йоркке сапарымда АҚШ-та жұмыс істеп жүрген жастармен кездестім. Олар білім алуға деген ынта-жігері мен еңбекқорлығының арқасында әлемнің әр түкпірінде табысқа жетіп жүр. Міне, осындай жастарды үлгі тұту қажет», – деді президент.
"Адал еңбекпен мал іздемек — ол арлы адамның ісі" дейді Абай Құнанбайұлы. Ендеше Мемлекет басшысының айтып отырған еңбекқор болуға деген мәселесі осының дәл өзі. Еңбекпен тапқан табыстың, істің артында арлы адамның бейнесі ғана емес, еліне, мемлекетіне деген жанашырлық та бар.