Илья Ильин қазақша сөйлеуді сұраған журналисті «низкий поступок» деп кемсітті
Илья Ильин қазақша сөйлеуді сұраған журналисті «низкий поступок» деп кемсітті
«Хабар 24» телеарнасының журналисі Аслан Қаженов Facebook желісіндегі парақшасында қазақ тілінің отандық спорттағы келбеті туралы айтты, деп хабарлайды Taulik.kz сайты.
«Жиналғандардың 98 проценті қазақ. Бірақ жиын 98 процент орысша өтті. Ең соңында Данияр Елеусінов қана қазақша қысқаша алғысын айтты. Ал негізгі баяндама басқа тілде. Әсіресе, үлгі тұтып жүрген ағаларымыз қиналып тұрып орысша сайрағанда, кірерге тесік таппай қалдым. Жарайды, жиын осылай өтті, бітті, кетті.
Артынан «неге қазақша ақпарат бермейсіздер?» деп, ұйымдастырушылардың мазасын алып жүрсем, бұрышта отырған Илья Ильин «сенің жасап жүргенің низкий поступок» дейді. Малсың, мамбетсің дегені ғой. Өзім солай қабылдадым. Ауылдан шығып алып, неге қыртасың деген сияқты. Ана жерде қан басқа шапты. Не деген сорлымыз? Расымен де мал, яки, мамбет болып тұрмыз ғой», – деп жазды журналист.Оның сөзінше, отандық спортта бұндай жағдай жиі кездеседі. «Принципті түрде қазақша сөйлемей, «ал, не істей аласың?» деген кездер болды. Анау-мынау спортшылар емес. Ел бюджетінен жыл сайын жүздеген миллион теңге бөлінетін, солар уайымдамасын, солар қиналмасын деп, барлық жағдайы жасалатын спортшылар. Оларды бүкіл халық қолдап-қолпаштайды. Жетістіктеріне қуанады. Бірақ мына жақта не бықсытып жүрендерін білмейді ғой.
Тілге түкіргені бір мысал. Одан бөлек әнұранды жатқа білмейді. Жарыстарға көк байрағымызды апармайды. Кейін соларды талап етсең, низкий поступок жасаған болып шығасың...», – деп жазды Қаженов.
Taulik.kz