Жаңалықтар

Тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру туралы жеке заң әзірленеді

Тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру туралы жеке заң әзірленеді

Тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру туралы жеке заң әзірленеді, деп хабарлайды Taulik.kz ҚР Президенті Әкімшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Президентінің Іс Басқарушысы Айбек Дәдебаев қазақы ит тұқымдары тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру мәселелері бойынша кезекті жиын өткізді. Кездесуде министрліктердің басшылық өкілдері бір ай ішінде атқарылған жұмыс барысы туралы баяндады, сондай-ақ жоспарланған іс-шараларға тоқталды. Сарапшылармен (кинологтар, ғалымдар) талқылау нәтижесінде тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру мәселелеріне қатысты жеке заң жобасын әзірлеу жөнінде шешім қабылданғаны айтылды. Осыған орай, жиын қорытындысы бойынша ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне (қаралып отырған мәселе бойынша өкілетті орган) басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып заң жобасының соңғы нұсқасын енгізу тапсырылды. Бұл құжатты әзірлеуге ҚР Президентінің Іс Басқармасы жанындағы Парламентаризм институты ұсыныс бергенін айта кеткен жөн.

Taulik.kz