Өзін денесі қанға боялғанша сабайтын дәстүр туралы не білесіз?
Өзін денесі қанға боялғанша сабайтын дәстүр туралы не білесіз?
Мұсылмандардың Мукаррам күнтізбесінің бірінші айының алғашқы аптасы. Бұл кезде шейіттер өздерін жазалайды, басын пышақпен тіледі, осылайша өздерін діни экстазға жеткізеді. Оқиғаның соңы Мұхаммедтің немересі Хусейннің өлімін бейнелейтін әрекетпен аяқталады.
Мешіттің алдында тұрып, кіріп-шыққан ер адамдарға ұзақ қарадым. Бұндай кезде мешіттер уылдаған ұяларға қатты ұқсайды. Фанатизмге берілген тобырда әзіл-оспаққа мұрша болмайды. Егер оларға қосылып үлгермесеңіз, сізге мән бермейді де. Бұл адамдар мақсатына жетудегі жанкештілігімен қорқынышты болып тұр. Олар депрессияға ұшыраған адамдарға ұқсамайды, керісінше кек алуға құмар. Адамдарға қарап отырып, ежелгі кезде белгілі бір мәселені шешуде адамды құрбандыққа шалудың маңыздылығын түсіндім. Өйткені шейіттер әрқашан қанға құмар болды.
Айта кетейін, ислам діні екі тармаққа бөлінеді. Біріншісі - ортодоксалды көпшілік (сүннет), екіншісі — фанатикалық азшылық (шейіт). Олардың бөлінуі 680 жылдан басталады, ол кезде Мұхаммедтің немересі Хусейн пайғамбардың отбасы Кербелада (Ирак) өлтірілген. Шейіттер сол сәттен бастап барлық халифалар басып алушылар мен алаяқтар болды деп санайды. Мұндай нонконформизм Үндістан мен Персияға көбірек тән. Шейіттердің өз мешіттері, діни қызметкерлердің өзіндік иерархиясы, тіпті, Құранның басқаша түсіндірмесі бар. Намаз уақытында сүннет топтары Меккеге бет бұрса, шейіттер Иракқа барады, онда олар үшін төрт қасиетті қала — Наджаф, Кербела, Кадиман және Самарра бар. Оларға жыл сайын екі жүз мың қажы келеді екен.
Мухаррамның алғашқы он күнінде шейіттер Кербеладағы Хусейннің өлімін атап өтеді. Бағдат осы кезеңде қажыларға толып, олар сапарының негізгі мақсаты ретінде түнде көшелермен жүріп, өздерін аяусыз ұрады. Осындай шеруге шыққан шейіттер христиандар мен сүнниттік мұсылмандармен сәлемдеспейді де.
Ежелгі Халдей шіркеуінің жергілікті христиандарымен достасып, оларға шейіттердің шеруін көргім келетіні туралы айттым. Олардың бірі мені Бағдаттың шалғай көшелерінің бірінде тұратын досына апаруға келісті. Оның терезесінің алдынан бір мешіттен екінші мешітке бара жатқан шейіттер тобы өтті.
Біз барған кезде дала қараңғы болып кеткен. Алайда көшеде жүрген адамдар көп болды. Өйткені Бағдаттағы көшелер электр қуатымен жарықтандырылғандықтан, халыққа түнде жүре беретін батыстық әдет сіңіп кеткен. Негізгі көшеден бұрылып, кішкентай, тар көшеге қарай беттедік. Әр басқан қадамымыз өзімізге жаңғырық болып естіліп тұрды. Кейбір жерлері Нью-Йорктің қараңғы жерлеріне ұқсайды.
...Біз шейіттер туралы әңгімелестік. Олар шейіттерді қауіпті және фанатикалық секта деп айыптады. Олардың жыл сайын мухаррам айында өздерін ұратыны, денелерін физикалық тұрғыда азаптайтындары туралы да айтылды. Бұл дәстүрлері бір түндік емес. Олар қатарынан он түн бойы бір мешіттен екіншісіне дейін арқаларын сабап аралайды. Сондай-ақ өздерін шынжырмен ұратындар да бар. Бұлардың ішіндегі ең ауыры – өздерінің бас терісін кесуі. Мухаррам айының оныншы күні таңертең бойында фанатизмі өте жоғары шейіттер осылай істейді.
Үй иесі мұны Наджаф пен Бағдатта көрген. Бұл шараға әртүрлі адамдар қатысады екен. Бірақ түріктер ерекше құлшыныс танытып, кейде байқамай өздерін өлтіріп қоятын көрінеді. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтіндер шеруге қатысу үшін бір күн арнайы демалыс алып жатады.
Мен үй иесінен шейіттердің мұны қалай жасайтыны туралы сұрадым. Ол егжей-тегжейлі баяндап берді.
Сонымен адамдар мешітке жиналады.
- Кербела немесе Наджафта шеруден бірнеше күн бұрын адамдардың көшеде қылыштарын қайрап, жылтыратып жатқанын көре аласыз, - деді ол.
Мешітте олар шеңбер болып тұрып, Али, Хасан және Хусейн есімдерін қайталап, «дөңгелек биді» бастайды. Содан кейін басты адам айқайлап, басын қылышпен ұрады. Қанды көрген қалғандары есін жоғалтады. Сөйтіп «Хусейн!», «Али!», «Хасан!» деп айқайлап, ақ шапандары қып-қызыл қанмен боялғанша, бастарын қылышпен сабай береді.
Содан кейін шейіттер мешіттен екі-екіден шығып, өздерін ұра отырып, қаланы аралайды. Олардың қандары үйлердің қабырғаларына шашырап жатады. Кейде бұл дәстүрге ешқандай қатысы жоқ адамдар араға қосылып кетіп, пышағын немесе қайшысын алып, тамырын кесіп жатады.
Үй иесі маған шейіттердің дәстүрін түсіндіріп жатқанда, алыстан дауыстар естілді.
- Олар келе жатыр! Жоғары көтерілуіміз керек, - деді ол.
...Дыбыс жақынырақ естілген сайын оның қайғылы және ашулы екені сезілді. Бір сәтте шу адам төзгісіз күйге жетті. Бұл - мен көрген ең оғаш шеру.
Жас жігіттер топты бастап жүрді. Олардың артынан қолында зембілі бар адамдар келе жатыр. Ал сегіз адамнан тұратын зембілдің артында беліне дейін жалаңаш ер адамдар жүр. Олардың беттері мен денелері терлегеннен жарықпен шағылысып жалтырайды. Олар жаумен күресуге жіберілген жартылай жалаңаш жауынгерлер полкі секілді. Сондай-ақ әр ротаның командирі болды.
Айтылған әр сөзден кейін ер адамдар қолдарын көтеріп, өздерін ұрды. Арқалары қанап, қолындағы заттың ізі қалып жатты, тыртықтар да байқалады. Түрлері бозарып кеткен. Олар отқа бара жатқан шейіттер секілді. Тек алға, бір нүктеге қарап қана жүріп отырды.
Шейіттерге қарап, олар неге бұлай істеп жатыр деп ұзақ ойландым...
«Каирден Ыстамбұлға дейін. Таяу Шығысқа саяхат» (Генри Мортон) кітабынан