Жаңалықтар

Сейіт Қасқабасов: Бейбітшілікті сақтаған мемлекетпіз

Сейіт Қасқабасов: Бейбітшілікті сақтаған мемлекетпіз

– Бұл кезең әркіммен алауыз болып, қырқысар уақыт емес. Қазір бәрін ақыл билейді. Сондықтан дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеп, мемлекет мүддесін ойлаған жөн. Күрделі кезең екеніне қарамастан еліміз жан-жақты маңызды саяси қадамдар жасауда. Алдында Рим Папасы Францисктің елімізді елеп-ескеріп келгені бекер емес. Себебі бейбітшілік секілді асыл құндылықты іс жүзінде сақтап отырған мемлекетпіз. Оны Рим Папасы да ерекше атап айтты. Бұнымен шектелмей, бақандай 13 ірі елдің басшылары жерімізге келіп, жиын өткізіп, әлем жұртшылығы үшін маңызды мәселелерді талқылауда. Алпауыт елдердің өкілдері ат арылтып текке келген жоқ. Қазақстан әлемдік саяси аренада ықпалы бар, өркениетті, ынтымақтастыққа ұмтылған халық екенін біледі. Осындай құндылығы бар жұртымыз тыныштық пен тұрақтылықты қадірлей білуі тиіс. Айналамызда небір құйтырқы істер, қақтығыстар болып жатыр. «Береке басы – бірлік» екенін есте ұстап, барлық істе ақылға жүгінген абзал. Алдымызда маңызды кезең тұр. Президент сайлауы өтпек. Сын сағатта сабақтастықты сақтамасақ, арандатуды мақсат еткен күштердің жетегінде кетіп қалуымыз мүмкін. Сондықтан бірлікті басты мақсат етіп, еліміздің өркендеуін ойлаған дұрыс. Ынтымағы берік халықтың басынан бақ кетпейді. Билік басындағылар осыны жақсы түсініп отырғаны көрінеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аяқ алысы жақсы, байыпты, бір қалыпты. Дипломат екенін жиі айтатынбыз, осыны іс жүзінде дәлелдеп келеді.

Сейіт Қасқабасов, ғалым, академик