Қазақ тілін меңгеріп, құрақ көрпе туралы кітап жазған жапон қызы - Чиеко Хиротамен сұхбат
Қазақ тілін меңгеріп, құрақ көрпе туралы кітап жазған жапон қызы - Чиеко Хиротамен сұхбат
Баян-Өлгейде 2 жыл бойы тұрақтап, қазақ тілін жетік меңгеріп, тіпті құрақ көрпе, сырмақ, текемет тоқуды сүйікті ісіне айналдыра білген жапон қызы туралы білесіз бе? Ендеше Taulik.kz порталы сіздерге қазақ салт-дәстүріне ерекше ықылас танытып жүрген Чиеко Хирота атты ару қызбен таныстырады. Портал тілшісі қазір Жапония мемлекетіндегі Чиекомен zoom қосымшасы арқылы сұхбаттасып, қазаққа деген ерекше көзқарасына куә болды.
Чиеко қазір Жапонияда тұрады. Қазір докторантурадағы диссертациясының тақырыбы Қазақтың құрақ көрпесы туралы екен. Шалғайдағы жапон қызының қазақ еліне деген қызығушылығы туралы журналист Айгерім Бегімбет алғаш өз инстаграм парақшасында бөліскен еді.
Ол мектеп бітірген соң Токиодағы шет тілдер университетіне оқуға түседі. Дәлірек айтқанда, моңғол тілі мамандығын оқуға бел байлайды. Тілге қызыққаны соншалық, Моңғолияның астанасы Ұланбатырға барып, бір жыл оқиды. Баян-Өлгейге қыдырып барып жүрген кезінде қазақ тұрғындарды көріп, мәдениетіне қызығушылығы оянған.
Токиодағы оқуын тәмамдағаннан кейін Баян-Өлгейге көшіп барады. Екі жыл Көгершін деген ағайдың үйін паналап, қазақ тілінен бөлек, сырмақ, текемет тоқуды, кесте тігуді үйренеді.
“Олар мені өз қыздарындай көрді. Бар жылы-жұмсағын аузыма тосты. Басында қазақша түк түсінбейтінмін, адамдар не айтып жатыр екен деп таңғалып қарайтынмын. Кейін “бауырсақ”, “дастархан, “шай іш”, “тамақ же” деген сөздерді іштей жаттап, қайталап үйрендім, сосын сөз тіркестерін, кейін сөйлем құрай алатын болдым. Шайды көп ішіп үйрендім. Мені шайгүл деп те атайды” деп күледі Чиеко.
Ал, ендеше өзімен әңгімелессек...
-Жалпы қазақ тарихына, мәдениетіне, тіліне деген қызығушылық неден басталды? -Қазақшам кішкене шорқақтау, кейбір сөздерді айтқанда қиналамын. Сондықтан барымша, баяндап берейін. Университетке моңғол тілін терең меңгеру бойынша мамандық таңдағанмын. Өзім Моңғолиямен терең танысқым келген. Кейін Баян-Өлгей деген жерінде болдым. Баян-Өлгейдегі қазақ кісілермен танысып, араласып кеттім. Қызығы, моңғол жеріне барып тұрсам да, барлығы қазақ және қазақы салт-дәстүрді ұстанатын жандар. «Неге моңғол жерінде қазақтар көп?» деген сауал туындады. Қандай ұлт екеніне қызығушылығым артып, зерттеуді бастап кеттім. Маған ерекше ұнағаны – қолөнер тарихы. Кесте, керме, тоқыма дегендер таңқалдырды. Ою өрнектің тігілу әдебі, құрақ көрпенің жасалуы сынды дүниелер мен үшін таңсық болды. -Қазақстанға келіп көрдіңіз бе? -Қазақстанға 2 рет бардым. Алғаш рет 2014 жылы Алматыға бардым. Өте ұнады. Әдемі қала... Мысалы, мен жапондық қызбын ғой. Базарда болсын, мейрамханада болсын, қазақ кісіге қазақ тілінде сөйлесем маған кәдімгідей таңқалып жатады. «Неге сіз қазақша сөйлейсіз? Қазақсыз ба? Әке-шешеңіз қазақ па? Әлде туыстарыңыздың ішінде қазақ адам бар ма?» деген толассыз сұрақ астына алатын еді. Таза жапондықпын, Жапонияда туып өскенмін десем сенбей жатады. Қазақтар өте қонақжай халық. Сәлемдесіп, хал сұрассам болды, менің қолымды алып, тіл білгенім үшін, тарихты оқып, зерттеп жүргенім үшін өз алғыстарын білдіреді. Моңғолиядағы қазақтар мен Қазақстандағы қазақтардың арасында айырмашылық осы жерде білінеді. Салт-дәстүріне, мәдениетіне бей-жай қарамайтын халық екеніне көзім жетті. 2014 жылы тек 2 аптаға ғана бардым. Кейін 2017 жылы 1 айға бардым. Алматыға, Астанаға, Шымкентке бардым. Арыс қаласында 1 апта тұрақтадым. Баян-Өлгейде танысқан тарихтан бөлек, тағы да тағылымды дүниелерді тани бастадым. Мені қызықтырғаны, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз. Әр жүздің өз сан алуан тарихы бар екен. Моңғолияда орта жүздің адамдары көп екенін білдім. Кейін 2020 жылы осы жүз тарихын тереңірек зерттегім келіп, Қазақстанға тағы да келгім келді. Алайда, әлемде коронавирус болған соң жолым түспеді. Содан кейін ешқайда шықпадым. Бірақ міндетті түрде барамын. -Қазақ жерінде өзіңізге кездескен қызық оқиғаларыңыз бар ма? Арыс адамдары қалай қарсы алды? -Арыстың үйлену тойында болдым. Моңғолиядағы қазақтардікінен ерекше болды. Сол тойда мен бірінші рет жасау беру деген салтпен таныстым. Жасаудың ішінде қолөнер бұйымы, яғни, көрпе барына қатты қуандым. Шымкент қаласына өзбек сынды көршілес ұлттар жақын болғандықтан, олардың мәдениеті қазақпен байланысып кеткендей. Қазақтың таза тарихын оқыған кезде кездеспеген дүниелер қазір той-домалақтарда көрініп жүр.Тағы бір қызық жайт, Баян-Өлгейде күнде ет жейтін едік. Асқазаным көтере алмай ауыратын еді, ал Арыста олай күнде ет жемедік.Шай берудің де өзі бір қызық қой. Ақ шайды жақсы білемін. «Болды, ішпеймін» деп айтпайынша, келген қонаққа шай құя береді екен. Ең ұнағаны, ауа райы жаңға жайлы, әдемі боп тұрады. Чиекомен сұхбаттасып отырған кезде, бөлменің артқы жағындағы қабырғада киіз көрпе мен домбыра ілініп тұрғаны байқалды. Құдды бір қазақ отбасында отырғандай сезімде болады екенсің. Баян-Өлгейдегі өзінің зертеуіне көмектескен қазақ апайы сыйға тартқан екен. 2018 жылы өзіне кесте тоқуды үйреткен апайын Жапонияға шақырып, екеуі қазақтың біз кестесін басқаларға дәріптеп, үйреткенін де баяндады. Тіпті, жапон тілінде «Қазақтың біз кестесі» атты кітабы жарық көргенін айтып, кітаппен таныстырды. Кітап ішіне қазақтың басқа да салты мен мәдениетін де жазған. Малдың жайылымға шыққаны туралы да қызықты ақпараттармен бөліскен. -Домбыра туралы айта кетейін. Баян-Өлгейде мен тұрақтаған отбасының отағасы домбыраны өте керемет шертетін. Қазақстанға да келіп, бір телехабарға қонақ болған. Сәл болсын домбыра тартуды сол кісіден үйрендім. Жақсы шерте алмаймын, күй тартуды білмеймін. Мен қазір тек кесте, сырмақ тігуді білемін. -Өзіңіз зерттеп жүрген көрпе тарихын Жапонияда таныстырып жүрсіз бе? -Қазақтарды қайта-қайта зерттеп, қызығып жүрген зерттеушілер бар. Олар лекция жасап, түсіндіруде. Мен тек Баян-Өлгейде көргендеріммен бөлісемін. -Қазақ тілін қалай меңгердіңіз? -2-3 жыл Қазақстанға да, Моңғолияға да баруым тоқтап қалды ғой. Сол себепті кішкене ұмытып та қалдым. Грамматиканы аса қатты білмеймін. Баян-Өлгейдегі адамдардың бір-бірімен сөйлесуін тыңдау арқылы үйреніп алдым. Сондықтан, кейде қазақша мессенджерге жауап қайтарғанда қатты қиналамын. -Қорғағалы жатқан диссертацияңыз да осы көрпеге байланысты ма? -Иә. Баян-Өлгейде біраз сырылған көрпелермен көрме жасап, қазақтың тарихымен таныстырып шаралар өткіземін. Ерте замандағы қазақтың басынан өткен талай қиындықтарды баяндап, сондада олар өз мәдениетін, салтын, ғұрпын ұмытпай, дәріптеп келе жатқандығын айтып, мақтанамын. -Қазақстанға енді қашан келмек ойыңыз бар? -Біздегі білім жүйесі сіздердікіне қарағанда басқаша. Университетте жұмыс істегеннен кейін бос уақыт бола бермейді. Бірақ, жазда міндетті түрде барамын. -Жапонияда қазақтар көп пе? -Қазақтарға қарағанда моңғолдар көп. Маған осы тақырыпты зерттеуге себеп болғанда моңғол тілі, жалпы моңғолдар еді. Қазақтарды көп кездестірмеймін. Жапонияның климаты қорқынышты ғой. Жер сілкінісі, су апаттары көп болғандықтан, өзге ұлттар көп келе бермейді. -Сұхбатқа келісіп, айтқан әдемі әңгімеңізге алғыс білдіремін! Қорыта келе, расымен, мәдениеті жағынан да, экономикасы, жалпы даму жағынан алдыңғы қатардан табылатын Жапонияның тұрғыны қазақтың дәстүрін, әр ою-өрнегін әлемге танытып, докторлық қорғап, көрме дайындайтыны жүректі жылытады.
Інжу ӨМІРЗАҚ,
Taulik.kz