Жаңалықтар

Қызылордада әйел екі азаматпен заңды некеге тұрған: Бірінші күйеуі мұны 13 жылдан соң білді

Қызылордада әйел екі азаматпен заңды некеге тұрған: Бірінші күйеуі мұны 13 жылдан соң білді

Бірінші күйеуі болған азамат бірнеше жылдан бері алғашқы некесін заңды түрде бұздыра алмай жүргенін айтады, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Stan.kz агенттігіне сілтеме жасап. Қызылорда тұрғыны Болатбек Жұмабектің айтуынша, ол 2001 жылы Дана Өтебаева есімді келіншекпен шаңырақ көтерген. Сол уақытта екеуі заңды некеде екенін растайтын куәлікті де алыпты. 5 жылдан соң араларында бала болмай, ерлі-зайыптылар екіге айырылған. Бірақ сот арқылы емес.
«2006 жылы әулет үлкендерінің келісімімен ажырастық. Ол басқа жаққа кетті. Содан бері хабарласпадық. Бірақ онымен әлі күнге дейін заңды некеде екенімді тек 2019 жылы білдім. Өйткені сол уақытта пәтер сатып алған едім», – дейді Болатбек Жұмабек.
Осылайша Болатбектің Данамен некесінің заңды күшінде екені тек пәтер алар кезде белгілі болған. Сол үшін азамат АХАЖ бөліміне некесін бұздыртуға барыпты. Ал жауапты бөлімнен естіген мәлімет Болатбектің үстінен жай түсіргендей болған.
«АХАЖ бөліміндегілер Дананың 2008 жылдан бері тағы бір ер адаммен заңды некеде екенін айтты. Ол басқа облыста тұратын көрінеді. Балалары да бар. Мен ажырасайын десем, Дананы таппай жүрмін. Соның кесірінен өзім басқа әйелге үйлене де алмаймын», – дейді Болатбек Жұмабек.
Алғашқы әйелінің дәл қазір екі бірдей ер азаматпен заңды некеде тұрғанына Болатбектің өзі де түсінбей әлек. Оның айтуынша, АХАЖ бөліміндегілер некесін бұздыру үшін сотқа жүгіну керек деген. Ал сот Дананы тауып әкел деп кеңес берген көрінеді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары мұндай жағдайдың жиі кездесетінін айтады.
«2001 жылы біріктірілген база болмады. Ақпараттар әр өңірдің өзінде ғана болды. Бұл кісінің әйелі басқа жаққа кетіп қалғанда оның алғашқы некесі туралы мәлімет шықпаған болуы керек. Бірақ біз Болатбектің заңды ажырасуына көмектесе аламыз», – дейді аталған бөлімдегілер.