Дзюдодан бас бапкер әлем чемпионатынан кейін кімдермен қоштасатынын айтты
Дзюдодан бас бапкер әлем чемпионатынан кейін кімдермен қоштасатынын айтты
Дзюдодан Қазақстан командасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов Ташкенттегі әлем біріншілігінен соң командадан кімдердің кететінін айтты, деп хабарлайды taulik.kz Bassport.kz сайтына сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, Ташкенттегі әлемдік доданы қазақстандықтар екі қоламен аяқтаған еді. Елдос Сметов 60 келіде қола жүлдегер атанса, Абиба Әбужақынова қазақ қыздарының арасында тұңғыш рет үздік үштікке енді.
Ал бірнеше балуан жарысты бірінші айналымнан аяқтады. Олардың қатарында Абылайхан Жұбаназар, Ислам Бозбаев, Дидар Хамза және Ерасыл Қажыбаевтар бар.
«Жеті күндік жарысымыз аяқталды. Енді осы жарыстан соң Ислам Бозбаев, Ерасыл Қажыбаев, Дидар Хамза сынды балуандарды командададан шеттетеміз. Олар келесі әлем біріншілігіне бармайды. Орнына жас балуандарды апарамыз. Бізде жас талантты жігіттер көп, соларға мүмкіндік береміз. 60 келіні қазақтың төл салмағы деп айтуға болады. Елдос Сметов, Мағжан Шамшадин, Бауыржан Нарбаев... Бұл салмақта бәсекелестік жоғары. 66 келіде Ғұсман Қырғызбаевты көрдіңіздер. Жаман емес. Ермек Амангелді деген жақсы балуанымыз бар. Ол жарақатына байланысты бір жыл күреспей, енді жаттығуды бастады. 81 келіде Абылайхан Жұбаназар есімді жас балуан өсіп келеді. Енді соларға мүмкіндік береміз", - деді Нұрбол Сүлейменов.
Айта кетелік, Ислам Бозбаев 90 келіде Лондон және Рио Олимпиадаларына қатысқан. Ал Дидар Хамза 2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы.