Жаңалықтар

Ресей сатып алмаған Ирандық арзан дрондар Украина аспанында жүр

Ресей сатып алмаған Ирандық арзан дрондар Украина аспанында жүр

Ирандық арзан «шахедтер» Ресей үшін қымбат ракетаның орнын басты. Ал «мопедтің» ызылдаған үнінен Киев жұртының үрейі ұшатын болды, деп хабарлайды Taulik.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.  Олар дәл, шағын, әрі көптеп жіберсе, әуедегі қорғаныс құралдарының бақылауынан өтіп кете алады, ең бастысы арзан. Ресейдің Украинаға басқыншылығы барысында камикадзе-дрондар жауынгерлер мен бейбіт халықтың үрейін ұшырып, дәрменсіз күйге түсіріп, нысандарды іздеп тауып, жоя алатын қуатты әрі үнемді қару атағына ие болды. Олар сондай-ақ дистанциялық қару ретінде де ракеталарды тез басып озды. «Кедейлердің қанатты зымыраны» атанып кеткен бұл ажал машиналары бүгінде кез келген ұрыс даласында қарсыласты көп шығынсыз талқандай алады. Айта кетсек, Тегеран Мәскеуге дрон сатқаны жайлы ақпаратты үнемі жоққа шығарып келеді. Жарылғыш заттармен қамтылған ирандық шағын ұшақтар мақсатты нысанын GPS координаттары арқылы табады. Содан кейін олар төмен қарай құлдилап, көздегенін өлтіруге кіріседі. Олар арзан әрі көп болғандықтан, Ресей өз ұшқыштарының өмірі мен күрделі ұшақтарына қауіп төндірмей, Украинада оларды қаптатып ұшырып жатыр. «Шахедтер» жүйкеге тиетін үздіксіз ызылдаған дауысы үшін «мопедтер» және «көгал орушылар» аталып кеткен. Бірақ олар ұшып жүрген жерде кез келген адамның бойын үрей билейтіні хақ. Өйткені бұл дрондардың қашан және қай тұстан соққы беретінін ешкім нақты білмейді. Соғыстың соңы көрінбейді. Ал оның Мәскеудің мойнына түсірген қаржылық салмағы ауырлап барады. Ресей Украина сияқты Батыс елдерінен миллиардтаған доллардың қару-жарағын тасымалдай алмайды. Бұл шайқас екі жақ зорыққанша жалғасуы мүмкін. Адами, материалдық және қаржылық ауыртпалыққа кім ұзақ төтеп бере алады, бұл сауалға нақты жауап жоқ. Бірақ қазір РФ үшін арзанырақ және күшті қару табу маңызды болып тұр.

Taulik.kz