Жаңалықтар

«Халық пікірін билікке кеңестер арқылы жеткізуі керек» – Тоқаев

«Халық пікірін билікке кеңестер арқылы жеткізуі керек» – Тоқаев

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың, жалпы қоғамдық кеңестердің маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды Taulik.kz сайты.
«Биыл Ұлттық құрылтай құрылғанын білесіздер. Оған әрбір өңірдің қоғамдық кеңесінен бір өкіл мүше болды. Қоғамдық кеңестер халық пен биліктің арасындағы дәнекерге айналуға тиіс. Келісім болса, кез-келген мәселенің шешімі табылады. Сондықтан халықтың өкілі ретінде белсене жұмыс істеу қажет.
Тұрғындар өздеріңіз арқылы мемлекет басқару ісіне қатысады. Қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын қадағалайды. Өзекті мәселелерді билік органдарына жеткізеді. Осылайша, қоғамдық кеңес елге мемлекет саясатын түсіндіреді. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық кеңестерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Осы кеңестердің ел ішіндегі беделін арттыруға баса мән беру керек. Оның мүшелері түйткілді мәселелерді батыл көтеріп, оны шешу жолдарын ұсынуы қажет. Тұрғындардың талап-тілегіне әрдайым құлақ асып отырған жөн. Жұрт сонда ғана қоғамдық кеңеске сенім артып, қолдау көрсетеді. Халық өз пікірін билікке келелі кеңестер арқылы жеткізуі керек. Сондықтан мемлекеттік органдармен бірлесіп, үйлесімді жұмыс жасау қажет», - деді Тоқаев.