Жаңалықтар

Тілді қорлау: Рамиль Мухоряпов компанияларына бойкот жариялана ма?

Тілді қорлау: Рамиль Мухоряпов компанияларына бойкот жариялана ма?

Рамиль Мухоряпов факторы: бойкот шын мәнінде жұмыс істей ме? "Егер сіз орысша сұрап, сізге қазақша жауап берсе, ол ұлтшылдық, әрі төмен мәдениеттің белгісі". Отандық кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың осы репликасы бар жағынан алғанда түсініспеушілік туғызып отыр. Себебі бүгін Мемлекет басшысының өзі қазақ тіліне қатысты саяси арандатушылықты қою керек деп ескерткен болатын. Рамиль Мухоряпов бұл тұрғыда көп нәрсені ушықтырып жіберген сияқты және оның арты бизнесі үшін жақсылықпен аяқталмайтыны көрініп тұр. Алғашқы реакция пайда бола бастады. Қазақтілді аудитория бизнесмен Рамиль Мухоряпов иелік ететін Choco бизнесіне бойкот жарияламақ ниетін білдірді. Оның өнімдеріне баламалар ұсыныла бастады. Choco өнімдерін тұтынбай, толық алмастыруға бола ма? Телеграм арналарының жазуынша: Chocolife.me купондарын BeSmart-қа; Chocotravel авиабилет сервисін Kaspi Тревелге; Chocofood жеткізу сервисін Glovo мен Wolt-қа; Chocomart.kz, Lensmark.kz интернет дүкендерін Kaspi.kz дүкеніне; iDoctor.kz дәрігер іздеу сервисін Doq.kz сервисіне; Рахмет кэшбек мобильді қосымшасын Dosmart қосымшасына алмастыруға болады. Былтыр ChocoFamily выручкасы 17,8 миллион доллар болған. Оның ішіндегі таза кіріс бойынша ақпарат жоқ. Бойкот - егер ол шын жұмыс істей бастаса, енді қараша-желтоқсан айларының түсіміне әсер ететін болады. Негізі, Choco үшін желтоқсан, Жаңа жыл қарсаңы - ең табысты кезең. Тура сол табысты уақыттың алдында тәжірибелі бизнесменнің бұлай қателесуі күтпеген жағдай болды.

Абай Олжаевтың facebook парақшасынан