Жаңалықтар

«Мемқызметкері баяндамасын орысша жүргізетін мемлекетте кәсіпкерден қазақ тілін талап ету – әділетсіздік»

«Мемқызметкері баяндамасын орысша жүргізетін мемлекетте кәсіпкерден қазақ тілін талап ету – әділетсіздік»

Бүгін отандық кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың қазақ тілі туралы айтқан пікірі қызу талқыға түсті. Өзінің кешірім сұраған видеосы да желіде тарап кетті. Осы орайда Limon Travel тур компаниясының негізін қалаушы Алмас Маратұлынан оқиғаға қатысты пікірін сұрап білдік. «Мухоряповтың бұл пікірі халық арасында кеңінен талқыланып жатыр. Халық арасында дегеннен қазақ тілді аудиторияда дегеніміз дұрыс болар. Chocolife.me желісінің барлық платформаларына кіріп көрдім. Ол жерде қазақ тілді аудитория ғана өз наразылығын білдіріп жатыр. Ал орыс тілді аудитория не болып жатқанын түсініп жатқан да жоқ.
Менің ойымша, Chocolife.me платформаларын пайдаланушы – негізінен орыс тілді аудитория секілді. Себебі парақшаларын, сайттарын кіріп қарасаңыз, 95%-ға жуық ақпарат орыс тілінде жазылған. Астындағы комментарийлер де сәйкесінше орыс тілінде. Кейінгі Мухоряповтың пікірінен кейін ғана қазақ тілді аудитория ол жаққа барып жатыр. Сондықтан оның талқыға түскен видеосы бизнесіне аса бір шығын әкеледі, айырмашылық болады деп ойламаймын. Себебі бұған дейін де қазақ тілді аудитория ол платформалардың негізгі қолданушысы болды деп есептемеймін. Бірнеше пайыз болған шығар. Бірақ ауқымды түрде касса жасайтындай емес. Оны желідегі, сайттағы ұсыныстарынан және сұраныстарынан байқауға болады», – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, парақшаны екі тілде жүргізетін маманды штатта ұстау, жұмыспен қамтамасыз ету оңай емес.
«Жалпы кәсіпкер ретінде айтатын болсам, Chocolife.me – айналымы үлкен компания. Ал бізде, шағын және орта бизнесте екі тілді маманды штатта ұстау кәсіпкерге өте қымбатқа түседі. Мысалы, менің кәсібімнің өзінде көбіне желіде орыс тілді ақпарат шығып жатады. Себебі екі тілді адамды штатқа алуға бюджетім мүмкіндік бермейді. Екіншіден, еліміздегі шағын және орта бизнестегілердің желідегі парақшалары орыс тілінде жүргізіледі. Себебі қазақ тілді аудитория орыс тілін түсінеді, ал орыс тілді аудитория қазақша түсінбейді. Олардың бір тілде ақпарат таратып жатқанын кәсіпкер ретінде түсінемін. Осы жерден жалпы «бізде шағын және орта бизнес неліктен қазақ тілінде сөйлемейді?» деген сұрақтың жауабы шығатындай», – дейді Алмас Маратұлы.
Limon Travel тур компаниясының негізін қалаушы халықтың салығына өмір сүретін министрлер, жалпы мемлекеттік қызметкерлердің байланыс құралы орыс тілі болған кезде, кәсіпкерден басқа нәрсені талап ету – әділетсіздік деген пікірін айтып отыр.
«Айта кету керек, олардың негізгі аудиториясы қазақ тілді емес, Алматы қаласында тұратын, әсіресе, орта және жоғары тап өкілдері. Өзіне жеткізу қызметіне тапсырыс беретін, жоғары жалақыға ие, тапсырыс беретін адамдардың көбі орыс тілді болатыны белгілі.
Қазіргі уақытта қазақ тілінде тауар ұсынуды трендке айналдыру керек деп ойлаймын. Себебі статистика бойынша қаншама ақпаратты көріп жатырмыз. Мысалыға, жыл сайын мектепке 80%-ға жуық қазақ тілді бала барады. Мейлінше қазақ тілді контетті, ұсынысты көбейтуге тырысуымыз керек. Алайда мемлекеттік қызметкерлері негізгі баяндамаларын орыс тілінде жүргізетін мемлекетте кәсіпкерлерден қазақ тілін талап етуіміз парадокс сияқты. Кәсіпкерлер – өздерінің күндерін өздері көріп жүрген адамдар. Ал халықтың салығына өмір сүретін министрлер, жалпы мемлекеттік қызметкерлердің байланыс құралы орыс тілі болған кезде, кәсіпкерден басқа нәрсені талап ету – әділетсіздік. Бірінші жоғары жақ, мемлекет үлгі көрсетіп, содан кейін басқадан талап етсе, кәсіп иелері әрі қарай алып кетеді деп ойлаймын», – дейді ол. Алмас Маратұлының пікірінше, пайда тапқысы келетін кәсіпкер қазақ тіліне сұраныс болып тұрса, тек орыс тілінде жауап береді деген миға қонымсыз нәрсе.
«Кәсіпкер әрқашан сұранысқа байланысты ұсыныс жасайды. Сұраныс қандай бағада, қандай тілде болса, ұсыныс та соған сай болады. Пайда тапқысы келетін кәсіпкер қазақ тіліне сұраныс болып тұрса, тек орыс тілінде жауап береді деген миға қонымсыз нәрсе. Бұл жерде Chocolife.me тұтынушылары орыс тілді болғандықтан, олар да сол тілде қызмет етеді. Мысалы, каспий қазір қазақшаланды. Неге? Себебі қазақ тілді қолданушылардың сұранысы артты, қазақша аудитория көбейді. Бұл жерде сұраныс қажеттілікті реттейтінін түсінуіміз керек секілді», – дейді ол.