Жаңалықтар

Атырау облысында базар өртенді

Атырау облысында базар өртенді

Атырау облысының Құрманғазы ауданында бір қабатты базар өртенді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен айланыс тобынан мәлім еткендей, өрт туралы бүгін, 21 қазанда сағат 07:24-те хабар түскен.
«Құрманғазы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне Құрманғазы ауылының Абай көшесіндегі бір қабатты «Серпер» базары ғимаратынан өрт шыққаны туралы хабар түсті. Шақырту орнына өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жеткен кезде азық-түлік пен киім-кешек сатуға арналған сауда сөрелерінің жанып жатқаны анықталды. Өрт салдарынан халық тұтынатын тауарлары бар сауда сөрелерінің, сауда сөрелерінің жануы орын алды. Базар ғимаратының жалпы ауданы – 600 шаршы метр. Оның 200 шаршы метрін жалын шарпыды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жалын жергілікті уақытпен сағат 08:44-те оқшауланып, сағат 09:15-те сөндірілді. Өртті сөндіруге Құрманғазы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің 20 қызметкері мен 3 техникасы жұмылдырылды. Базардағы өрттен зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Жалынның тұтану себебі анықталып жатыр.
«Адам өміріне қауіп төндіретін табиғи техногендік апаттар қатарына өрт те жатады. Сол себептен, Атырау облысының тұрғындары мен қонақтарынан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.

Taulik.kz