Ресей Украиналық балаларды асырап, орыс етіп тәрбиелеуге көшті
Ресей Украиналық балаларды асырап, орыс етіп тәрбиелеуге көшті
Ресей көрші елден мыңдаған жеткіншекті еркінен тыс әкеткен. Олар «Украина жасасын!» дегенді доғарып, бүгінде көрші мемлекетке «сүйіспеншілігін» байқатып жүр-міс, деп хабарлайды Taulik.kz Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
«Ассошиэйтед пресс» зерттеуі көрсетіп бергендей, Ресей қазір украиналық балаларды асырап алуға және оларды орыс етіп тәрбиелеуге ашық әрекеттеніп жатыр.
Агенттік тілшісінің ойынша, бұл – соғыстың ең қауіпті мәселелерінің бірі.
Мариуполь сияқты тас-талқаны шыққан қалалардың жертөлелерінен және Донбасстағы ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аймақтардағы балалар үйлерінен мыңдаған бала табылды.
Олардың ішінде Ресейдің әскери шабуылы кесірінен ата-аналарын жоғалтқандар мен арнайы мекемелерде немесе патронаттық отбасыларда тәрбиеленген «мемлекет балалары» да бар.
Ресейге сенсек, бұл балалардың ата-аналары, қамқоршысы жоқ немесе бар болса да олармен байланысу мүмкін емес.
Бірақ «Ассошиэйтед пресс» жергілікті биліктің украиндық балаларды келісімсіз Ресейге немесе Ресейдің бақылауындағы аумақтарға депортациялағанын және жеткіншектерге әке-шешелеріңе керек емессіңдер деп өтірік айтқанын, тіпті оларды үгіт-насихатқа пайдаланғанын, ресейлік отбасыларға тапсырып, РФ азаматтығын бергенін анықтады.
AP агенттігі бұл зерттеу материалын Украинадағы және Ресейдегі ата-аналармен, балалармен, билік өкілдерімен жүргізілген ондаған сұхбатқа, электрондық пошталар мен хаттарға, ресейлік құжаттар мен ресейлік мемлекеттік БАҚ деректеріне сүйеніп, әзірлегенін мәлімдеп отыр.
Ата-анасы бар ма, жоқ па, соғыс перзенттерін басқа елде немесе мәдениетте тәрбиелеу геноцидтің белгісі және қарсылас елдің ұлттық ерекшелігін өшіру әрекеті болуы мүмкін.
Не десекте, Ресей украиналық қорғансыз балаларды жаңа үйлермен, медициналық ресурстармен қамтамасыз етуді жомарттық актісі ретінде насихаттап, мемлекеттік БАҚ-тарда жергілікті шенеуніктердің оларды құшақтап сүйіп, Ресей төлқұжаттарын беріп жатқанын көрсетіп жүр.
Taulik.kz