Жаңалықтар

Балуандарды қашанғы грамотамен алдаймыз

Балуандарды қашанғы грамотамен алдаймыз

Сербияның Белград қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтіп, қазақстандық балуандар үш медаль жеңіп алды. Біз күткен нәтиже болмаса да, былтырмен салыстырғанда бір жүлдеге артық алғанымыз рас. Отандық спортшылардың әлем біріншілігінен оралғанына бір айдан асса да, оларға мемлекет тарапынан берілетін сыйақы әлі жеткен жоқ. Ал облыс, аудан деңгейіндегі атқамінерлер жер жүзілік жарыста көзге түскен жерлестерін марапаттауға асығар емес. Bassport.kz еркін, грек-рим және әйелдер күресіндегі жағдайды саралаған екен, аталған мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.  Бокс пен дзюдоға қарағанда, күрес түрлеріндегі балуандардың елеусіз қалатынын біраздан бері байқап жүрміз. Әлем, Азия чемпионаттарында жүлде алған былғары қолғап шеберлері де, татами тарландары да мемлекетті былай қойғанда, федерация мен облыс тарапынан қомақты сыйақы алып жүр. Бұл қуантады, өйткені, әлем және құрлық жарыстарында тұғырда тұратын спортшыларымыз толып жатқан жоқ. Мәселен, былтырғы әлем чемпионатында жүлде алған боксшылардың барлығына федерация басшысы Кеңес Рақышев қомақты сыйақы тағайындады. Ол алтын жүлдегер Сәкен Бибосынов пен Теміртас Жүсіповке 70 мың, күміс медаль иегерлері Сабырхан Махмұд пен Серік Теміржановқа 50 мың, қола жүлдегер Абылайхан Жүсіповке 30 мың АҚШ долларын сыйға тартты. Бұл АІВА ұсынған көлемді сыйақыдан бөлек құрмет екенін еске саламыз. Дзюдошыларымыз да құрметтен кем емес. Әсіресе, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген Елдос Сметовке Олимпиада мен әлем чемпионаттарындағы жүлдесінен кейін облыс, мемлекет және демеушілер деңгейінде түрлі сыйақы берілді. Көлік мінгізіп жатқан жерлестері де бар. Одан бөлек, дзюдодан өткізілетін Гран-при және Гранд слэм турнирлерінің жүлде қоры да қомақты. Сондықтан, татами шеберлері тасада қалды дей алмаймыз. Өкінішке қарай, отандық балуандардың еңбегі әркез елене бермейді. Жақында ғана Белградтан жүлдемен оралған үш балуанымызға мемлекет тарапынан сыйақы әлі берілген жоқ. Үкімет көлемінде берілетін сыйақының бірден картаға түспейтіні анық, әлі күту керек дейтіндер табылар. Өйткені, Токио Олимпиадасының жүлдегерлеріне түсетін қаражат та біраз күттірген еді. Алайда, Азамат Дәулетбековке сәуір айында жеңіп алған Азия чемпионы атағы үшін еш жерден сыйақы түспепті. Бұл спорт басшыларының балуандарды ұмыт қалдырғанының белгісі ме деп ойлауға негіз бар. Азамат Дәулетбеков биылғы маусымда еркін күрестен Қазақстан командасын алға сүйреп жүрген балуан. Ол 86 келіде Азия чемпионы атанып, әлем біріншілігінде Хасан Яздани, Дэвид Тейлор сынды алыптармен бір қатарда тұрған жалғыз спортшымыз. Өкінішке қарай, үкімет те, облыс басшылары да әлемнен жүлде алған балуанымыздың еңбегін ескерген емес.
«Мемлекеттен сыйақы түсуі керек деп отырмыз. Облыс басшыларынан әлі ешкім хабарласқан жоқ. Спорт басқармасындағылар әкімдікте кездесу өткізуге тырысамыз деді. Азия чемпионы атанғаным үшін де ешқандай сыйақы берілген жоқ. Әрине, мен ақша үшін емес, елімнің намысы үшін күресемін. Жай ғана көңіл ғой бәрі», - дейді Азамат. 
Абай және Шығыс Қазақстан облысы басшыларының бір ғана облыс емес, бүтін елдің күресін өрге сүйреген балуанды дәл бұлай ұмыт қалдырғаны өкінішті. Тағы да қайталап айтамыз, Дәулетбеков биылғы маусымда ұлттық құраманың жүгін жалғыз арқалап, өзі қатысқан барлық жарыстан медаль алған балуан. Ал мұндай спортшылар бізде көп емес. Грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алған Айдос Сұлтанғалидың басындағы жағдай да осындай. Азаматтан бір айырмашылығы – Айдосты Қызылорда қаласында құрметпен күтіп алды. Бірақ ешқандай сыйақы бермей, грамотамен шығарып салды. «Әлем чемпионатынан оралған соң Қызылорда қаласының лауазымды тұлғалары қарсы алды. Мемлекеттен де, облыс тарапынан да сыйақы берілген жоқ. Тек грамота берді», - дейді Айдос. Балуандарды қашанғы грамотамен алдаймыз? Еліміздің намысы үшін айлап үй бетін көрмей, жылдап жаттығатын, жастық шағын интернат пен жаттығу базаларында өткізіп, керек десең, денсаулығын да спорт үшін құрбан ететін балуандарды бір жапырақ қағазбен алдарқату қаншалықты дұрыс? Иә, күрестен әлемдік сында алтын күткенімізге көп болды. Бірақ бұл басқа да жүлдегерлерді тізімнен сызып тастау керек деген сөз емес. Айдос Сұлтанғали қатардағы қола жүлдегерлердің бірі емес. Ол Белградқа барған он балуанның ішінен жалғыз өзі ғана медальға қол созған спортшы. Былайғы кезде қаражатты қалай игерерін білмей, оңды-солды шашатын шенділердің спортқа, ел намысына келгенде тұралап қалатыны қинайды. Әйелдер күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Жәмила Бақбергеноваға Астана қалалық күрес федерациясының вице-президенті өз қалтасынан сыйақы берді. «Биыл үш жарысқа қатысып, орын алдым. Азия, әлем чемпионаты және Ислам ойындарында медаль алғанымда, тек қана Ұлан аға қолдау көрсетті. Ол үш жарыстан соң өз қалтасынан сыйақы берді. Басқа басшылардан хабар жоқ. Федерация сыйақы тағайындайды деп естігем. Бірақ әзірге үнсіз», - дейді Жәмила. Жалпы, федерация басшыларының спортшыларға құрмет көрсеткені дұрыс. Бұл тұрғыда бокс федерациясына ешкім тең келмейтін шығар. Кеңес Рақышев Азия чемпионатында жүлде алған, әлем біріншілігінде көзге түскен боксшыларды ешқашан елеусіз қалдырған емес. Биыл еркін күрестен жастар арасында әлем чемпионы атанған Магомед Куруглиев пен Дарын Әскербекке күрес федерациясының бұрынғы басшысы Ерлан Қожаcбай 1 миллионнан сыйақы берді. Бұрынғы басшының әрекетіне ризамыз, ал қазіргі басшы неге үнсіз? Федерацияның қазіргі президентіне балуандардың жетістігі қызық емес пе? Әр облыстан ұлттық құрамаға кем дегенде бір балуан ілігеді. Ал сол балуаны жүлде алып келгенде үнсіз отырған облыс әкімдіктеріне де өкпеміз көп. Осы орайда, Bassport.kz облыс басшыларына сауал жолдайтынын еске саламыз. Біз тас лақтырсаң Олимпиада чемпионы мен әлем біріншілігінің жүлдегеріне тиетін елден емеспіз. Бізде еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген санаулы спортшы ғана бар. Соларға лайықты құрмет көрсетсек, елім дейтін ердің де көбейетіні анық.