Жаңалықтар

Үш баласы бар отбасы апатты үйде тұрып жатыр

Үш баласы бар отбасы апатты үйде тұрып жатыр

Қостанай облысында отбасы құлаудың алдында тұрған үйде тұрып жатыр. Бұл туралы Федоровка ауылының тұрғыны мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz Qostanay.tv басылымына сілтеме жасап. Ерікті Елена Добоштың сөзінше, үйдің шатырын тек бір ғана бөрене ұстап тұр және кез келген уақытта опырылып кетуі мүмкін. Ал отағасы құжатсыз болғандықтан жұмысқа да орналаса алмайды.
"Кезінде туу туралы куәлігі болмағандықтан құжатын алмаған. Қазір оны алу үшін халықаралық сотқа арыз түсіру керек. Бұл үшін ақша керек, бірақ отбасы шығынды төлей алмайды", – дейді ол.
Автордың айтуынша, балалардың анасы білімі болмағандықтан жұмыс істемейді.
"Адамдар көмек сұрап, жергілікті әкімдікке жүгінген. Көмектесуге уәде бергенімен, іс орнынан жылжитын емес. Тұрғын үйге кезекке қоймайды, себебі отағасының құжаты жоқ. Ал жұбайының атына құжаты жоқ ағасының үйі рәсімделген. Сондықтан ол да кезекке тұра алмайды", – деп түсіндірді Елена Добош.
Ерікті алдағы қыс бәрінен бұрын алаңдатып отырғанын айтады. Ал отбасыда көмір мен ағаш та жоқ.
"Қоқыс жағып, үйді жылытады. Балалар дымқыл төсекке жатады. Егер біреу көмектескісі келсе, ауылдағы еріктілер арқылы байланысуға болады", – деп жазды ол.