Біртанов жазықсыз: Ірі көлемдегі қаражатты бір адамның ұрлауы мүмкін емес - ЗАҢГЕР
Біртанов жазықсыз: Ірі көлемдегі қаражатты бір адамның ұрлауы мүмкін емес - ЗАҢГЕР
-Біртановқа мемлекеттен ақша жымқырды деген айып тағылып, қазір соты өтіп жатыр. Жарты миллиард теңгені жалғыз Біртанов ұрлады деген шындыққа жанаса ма?
-Әрине жанаспайды. Бір ведомстваны басқарып отырып, сонша аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын ұрлау ешқашанда бір адамның қолынан келмейді. Олай жасау тіпті де мүмкін емес. Аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру ол тек ұйымдасқан қылмыстық топтың ғана қолынан келетін аса ауыр қылмыс.
Ақпарат құралынан белгілі болып тұрғандай Біртанов мырзаға ұйымдасқан қылмыстық топты басқарған немесе оның мүшесі болған деген айып тағылған жоқ. Осыған байланысты мен кәсіби заңгер ретінде Біртанов мырзаға тағылған айыпта бір шикілік бар деп санаймын.
-Әлеуметтік желілерде Біртановты халықтың өзі қолдап, «жазықсыз» деп санауда. Өзінің соттағы сөзіне де сенсек, «халық жауы да, жемқор да емеспін» дейді. Кімге сенеміз? Заңгер ретінде не ойлайсыз?
-Өкінішке қарай, мен Біртанов мырзаға қатысты қозғалған қылмыстық іспен танысқан жоқпын. Дегенмен, біз бүгінде билік басында отырып, құқықбұзушылықты болдырмай еңбек ету мүмкін емес жағдайда өмір сүрудеміз. Құрамы өзгермей ұзақ жыл басқарған билік бүгінде әбден халықтың сенімінен шыққан деңгейде.
Бұл ұлт пен тұтас мемлекеттің (басқарушы биліктің емес) зардабы. Сондықтан мен Біртанов мырзаның заңсыз әрекеттері болдыруы әбден мүмкін деп санаймын. Алайда менің бұл пікірім, Біртановтың жарты миллиард теңгені ұрлады дегенді білдірмейді. Керісінше мен де Біртанов оған тағылған қылмыс бойынша жазықсыз деп санаймын.
Егер менен бүгінгі басқарушы биліктің ішіндегі ең халыққа жақын, қарапайым және қылмыстан алшақ екі адамды ата десе мен оның бірі Біртанов деп атар едім.
-Біртановтың кезінде расымен, ковидтен көп адам өмірден өтті. Тіпті ИВЛ аппараттары жетпей, халық ақша жинады. Біртанов кінәлі ме?
-Иә, әлемді жайлаған пандемия кезінде көптеген адамдардың соның ішінде біздің отандастарымыздың көз жұмғаны құпия емес. Алайда оның бәріне Біртанов кінәлі деп айтуға болмайды.
Керісінше статистикалық көрсеткіштерге сүйенетін болсақ біздің еліміздегі көрсеткіш нәтижесі бойынша кісі өліміне келгенде біз көптеген алпауыт елдерді алдымызға саламыз. Иә, көптеген кәсіпкерлер ақша жинап, ИВЛ апараттарын алғаны да көпшілікке мәлім.
Алайда бұл табиғи заңдылық деп санаймын. Себебі ел басына күн туған аласапыран заманда халқы мен елін қорғап қалу әрбір азаматтың борышы. Ал мүмкіндігі бар қалталы азаматтардың халқына көмек қолын созуы бұл олардың мәрттігін, нағыз ұлтжанды, отансүйгіш азаматтар екендігін білдіреді.
Сол кезде мүмкіндігі бола тұра, тек өз жеке отбасының ғана қамын ойлаған алпауыттар да болды ғой. Оларды да халық біледі. Бұл ұлт басына келген сынақ болатын. Бірақ сол кездегі келеңсіз жайттардың барлығына Біртанов кінәлі дегеніміз дұрыс емес. Бұған кінәлі мемлекет басында отырған басқарушы билік деп санаймын. Мен бұл жерде Біртановты сүттен ақ, судан таза деп айтып отырған жоқпын.
Әрине мүмкін бұл жерде ол кісінің де қателіктері болған шығар. Дегенмен басты жауапкершілік үкімет басындағыларда болуы керек деп есептеймін.
-Егер кінәсі мойындалса, қанша жыл арқалайды?
-Біртанов мырза ҚР ҚК 361 бабының 4-ші тармағымен айыпталып отыр. Яғни оған лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдалану нәтижесінде ауыр салдарға әкеп соққан қылмыстық іс-әрекеттерді болдырған деген айып тағылуда.
Бұл бап бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Менің болжауымша сот 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауы мүмкін. Жоғарыда айтылғандай тағылған айып пен келтірілген залалдың байланыстылығы жеткіліксіз.
Себебі Біртанов мырзамен бірге оның орынбасары екеуі ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр. Ал сондай аса ірі көлемдегі қаражатты екі ғана адамның ұрлауы мүмкін емес. Соған қарағанда бұл жерде маңыздысы Біртановтың жасаған «қылмысы» емес керісінше гәп басқада болуы әбден мүмкін. Алайда оның шешімін біз әзірше біле алмаймыз. Дегенмен, уақыт өте бұл мәселенің де сыры ашылар деп сенемін. -Жауабыңызға алғыс!Taulik.kz