Жаңалықтар

Ирандағы Махса Амини оқиғасын жазған журналистер өлім жазасына кесілуі мүмкін

Ирандағы Махса Амини оқиғасын жазған журналистер өлім жазасына кесілуі мүмкін

Иранда Махса Аминидің өлімі туралы жазған журналистер мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталды, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап. «Настоящее время» басылымының хабарлауынша, Иран билігі Махса Аминидің өлімі туралы бірінші болып жазған екі журналист Нилуфар Хамеди мен Элае Мохаммадиді сатқындық жасады және АҚШ барлау қызметіне жұмыс жасады деп айыптады. Олар өлім жазасына кесілуі мүмкін.
«Журналистер Амини қайтыс болып, жаппай наразылықтар басталғаннан кейін көп ұзамай қамауға алынған. Олар саяси айып тағылған тұтқындарды түрмеге қамаумен аты шыққан Эвин түрмесінде жатыр деген болжам бар», - деп жазады агенттік.
Нилуфар Хами Тегеран ауруханасында Аминидің комада жатқан кезінде оның ата-анасының бір-бірін құшақтап тұрған сәтін суретке түсірген. Twitter желісіне салынған ол сурет әлемге Аминидің халі мүшкіл екенін жеткізген алғашқы сигнал болды. Одан үш күн бұрын қызды полицияның орынбасары хиджабты дұрыс тақпаған деп айыптап, қамап тастаған болатын. Артынша Амини полицейлердің соққысынан көз жұмған соң туған қаласы Сакезге жерленгенде, Элае Мохаммади сол қалада басталған наразылықтардан хабар таратқан еді. Иранның барлау агенттіктері бірлескен мәлімдемеде журналистерді АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (ЦРУ – ред.) агенттері деп атаған. Мәлімдемеде сондай-ақ Иранда бір айдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан наразылық шерулерін Батыстың барлау агенттіктері ұйымдастырып отырғаны айтылады.
«Иран билігі елде болып жатқан оқиғалар туралы кез келген ақпараттың әлемдік баспасөзге енуіне жол бермеуге тырысуда. Наразылық акциясы басталғалы бері 40-тан астам журналист қамауға алынды, ал бостандықта жүргендер телефондарын тыңдап, бақылауға алғанына шағымданып жатыр», - делінген хабарламада.
Иранда жаппай наразылықтар қыркүйек айының ортасында хиджабты дұрыс кимегені үшін полиция тұтқындаған 22 жастағы Махса Амини соққыдан қайтыс болғаннан кейін басталған еді. Шерушілер оның өліміне полицияны кінәлайды. Наразылық акциясын басып-жаншу барысында 200-ден астам адам қаза тапты, соның ішінде атыс қаруынан көз жұмғандар да бар.