Жаңалықтар

Барлығы хиджаб кисін деген құранда да айтылмаған - Қоғам қайраткері

Барлығы хиджаб кисін деген құранда да айтылмаған - Қоғам қайраткері

Журналист Сәуле Әбілдаханқызы өз фейсбук парақшасында белгілі қоғам қайраткері, ардагер Өмірбек Байгелдінің хиджаб туралы айтқан жазбасымен бөлісті.
Бұл туралы Taulik.kz Әбілдаханқызының Facebook желісіндегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Әсілі, исламда барлығына хиджаб кисін деген сөз еш жерде жоқ. Құран, хадисте айтылмаған. Хиджаб ол – арабтың, ұлттық, тұрмыстық киімі. Солардың географиялық ортасына қарай киетіні. Арабтар құмды даланың аптап ыстығы мен аңызақ желінен, боранмен бірге ұшатын құмнан қорғану үшін жеңіл әрі басын, бет-аузын тұмшалап тұратын киім киуге мәжбүр болған. Өйткені, олар мал бағып, құмның арасында жүретін көшпелі бедеуиндер. Ал осы киімді әкеліп мұсылманның белгісі, Исламның міндетті киімі ретінде көрсетіп, қазақты қинап, күшпен таңу ол – зорлық. Дұрыс емес. Қалай киініп, жүріп-тұру әр кімнің өз еркінде. Осындай зорлыққа қарсы кіндігін көрсетіп жалаңаш та жүргендер болды. Әр қандай орынсыз әрекет пайда болса, оған қарсы дұрыс емес қимыл пайда болады. Кигісі келсе хиджаб емес, ұлттық үлгідегі қазақтың кимешек, шылауышы бар, соны киуіне болады. Қап-қара хиджаб, нихаб киіп, пәренже жамылу бізде болмаған. - Адам қайтыс болса дереу апарып көме салатын жағдай пайда болды. Сан мың жылдық тарихы бар халқымызға ондай тәртіп жүрмейді. Соны насихаттап, орындатуға тырысып жүргендердің айтқаны болмайды. Елді құр әурелемеу керек. Қаншама ғасырдардан бері өлімін өз дәстүрімен аттандырып жүрген елге бір күнде бөтен біреудің оғаш үрдісін әкеліп жапсыруға кім жол берсін?! Адам қайтыс болса оны бір-екі күн аялдатып, алыс-жақындағы туған-туыс, ет жақындарын күтеді. Қайғысына ортақтасып, қабіріне бір уыс топырақ салу дейтін бақилық адамға жасалатын міндет, борыштарын атқаруға мүмкіндік береді. Аналардың айтқанындай жанталаса апарып көме салмайды. Мұсылманша, өз халқымыздың ұстанатын ислами дәстүрі бойынша жаназасын шығарып, құран оқып, жоқтауын айтып, жетісін, қырқын, жылын береді. Адам туғанда әндетіп қуанып, шуылдап қарсы алса, өлгенде жылап, тағы да шуылдап шығарып салады. Бұның бәрі қалыпты, адамгершілік пен гумандыққа, биік құндылықтарға, берік дәстүрге бекіген ежелгі жолымыз. Одан жаңылуға болмайды. Онда адасамыз, іріп, бүлінеміз, бөлінеміз.

Пікір иесі ӨМІРБЕК БАЙГЕЛДІ

қоғам қайраткері, ардагер