Жаңалықтар

Неге Мәскеу ең жақын одақтасы Қазақстанның қарызын кешіре алмайды?

Неге Мәскеу ең жақын одақтасы Қазақстанның қарызын кешіре алмайды?

Жалпы алғанда республикамыздың өзге елдерге қарызы азайды. Алайда Ресей мен Қытайға берешегінің елеулі артуы алаңдатады, деп хабарлайды Taulik.kz сайты inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. Өйткені Қазақ елінің РФ-ге қарызы бір жылда бірден 88,6%-ға ұлғайып, былтырғы 9,2 миллиардтан биыл 18,3 миллиард долларға жетті. Ұлттық банктің түсіндіруінше, Қазақстанның Ресей алдындағы қарызының қарқынды өсіп жатқанына рубльдің теңге мен долларға қатысты күрт нығаюы себепкер болған. Өйткені солтүстік көрші барлық салада, соның ішінде өзара сауда-саттықта тек өз валютасын тықпалайды. Рубльдің қымбаттауы Қазақстан шығарған құнды қағаздарды құнсыздандырыпты. Жалпы Ресей өзімен достастығын сақтау үшін дүркін-дүркін өзге елдердің қарызын кешіріп тұрады. Мысалы, Мәскеу 2013 жылы Қырғызстанның өзіне деген берешегін нөлге теңестіріп, оның 500 миллион доллар мемлекеттік борышын жоя салды. 2018 жылы тағы 240 млн долларын өтемеуге рұқсат етті. Мұны Кремль «одақтас республиканың дамуына көмегіміз» деп ұсынды. Беларусь те 3 миллиардтан астам қарызын қайтармайды. Ресей 1991-2019 жылдар аралығында Африка елдерінің жалпы сомасы 20 млрд доллар берешегін есептен шығара салған. Бұдан басқа Моңғолия, Куба, Солтүстік Корея, Ауғанстан, Ирак, Ливия, Сирия, Лаос және тағы да басқа елдердің қарызын кешті. Ендеше Қазақстанға неге төлеуден бас тартпасқа? Неге Мәскеу ең жақын одақтасы саналатын Қазақстанның қарызын кешіре салмайды? Әйтпесе, 18 миллиард доллар тым ауыр жүк, бұл Қазақстанның республикалық бюджетінің бір жылдық табысына жетеқабыл. Алайда сарапшылар мұны құптамайды.
«Ресей қарызын қайтара алмайтын елдерге кешіреді. Ресей өзіне берешегін есептен шығарған елдердің тізіміне үңілсеңіз, олардың бәрі кедей елдер екенін көруге болады. Олардан қарызды өндірудің бәрібір мүмкіндігі жоқ. Мәскеу қарызды жай кешірмейді, оның орнына саяси жеңілдіктер, артықшылықтар талап етеді, өз ұстанымын тықпалайды. Мысалы, Қырғызстанның борышы Бішкек Манастағы америкалық әскери базаны жапқан соң кешірілді. Өзбекстан да АҚШ-пен әскери саладағы біраз байланысын үзуге мәжбүрленді, 2005 жылы Ханабадта АҚШ әскери-әуе базасын жапты. Әйтпесе, бұл ел ТМД-дағы НАТО қарумен қаруланған алғашқы ел болатын еді», – деді экономист Марат Ерғозин.