Жаңалықтар

Түсіңізде мысық көрсеңіз не болады?

Түсіңізде мысық көрсеңіз не болады?

Қазақ ұғымында мысық – тышқан ұстайтын үй жануарына жатады. Мысықтың еті де, терісі де ешнәрсеге жарамайды. Қазақтар харам деп тұтынбайды. Мысықты тек үй тазалығы үшін тышқан ұстатуға пайдаланады. Ал, әдеби ұғымда – мысық көрместіктің, білместіктің, аямастықтың бейнесінде суреттеледі. Қазақта адам қайтыс болып, қиямет күні қайтадан тіріліп, қыл-көпірден өткенде, мысық «тозаққа күй, маған тамақ бермеген адам» деп қарғайды екен. Сондықтан мысыққа тамақ берген адам бүйіріне түртіп беретін болыпты. Қазақ мысықтың еркегін – еркек мысық, ұрғашысын – ұрғашы мысық, баласын – жұмық көз немесе тырнауық деп атайды. Түсін «қара мысық», «ақ мысық», «көк мысық», «сары мысық», «тарғыл мысық», «сүр мысық» т.б деп түстеп жатады. Қазақ түске кірген мысықты көрінісіне қарай ауру-сырқау, не шайтан бейнесіне, жын-жыбыр белгісіне балап жориды.

Ал расында, түсіңізде мысық көрсеңіз не болады?

  1. Түсіңізде мысық көрсеңіз, ол мысықты иемденіп, бағып алсаңыз – бұл жақсы емес. Онда өңіңізде тымауратып, ауырып қалуыңыз мүмкін. Түсіңізді иманды адамға барып жорытыңыз. Жөні болғанда бір кешкентай нанды басыңызға үш айналдырып, «жаман түсімді мысыққа көшір» деп үш рет айтып, басыңыздан үш айналдырып, мысыққа беріңіз.
  2. Сіз түсіңізде мысық көрсеңіз, ол мысық сіздің дене мүшелеріңіздің бірін қандап, жаралап кетсе – бұл жақсылықтың нышаны емес. Онда өңіңізде қатерге жолығуыңыз мүмкін. Садақа беріп, сақтаныңыз, иман келтіріп қорғанғаныңыз дұрыс.
  3. Сіз түсіңізде ақ мысық көрсеңіз, ол мысық үйіңізде тышқан аулап, өз алдында жүрсе – бұл жақсылықтың нышаны. Онда өңіңізде ауру-сырқауларыңыз болса айығып, ауыр тұрмысыңыз болса, жеңілдеп, жолыңыз ашылады.
  4. Сіз түсіңізде мысық көрсеңіз, егер ол мысық иен далада екі көзі тұздай болып, не оттай жанып, жаман бейнеде сізге қарап мияуласа – бұл жақсы түс емес. Түсіңізге мысыұ бейнесінде кірген шайтан болуы ғажап емес. Өңіңізде ұшынып ауырып қалуыңыз мүмкін, немесе жанұяңызда жанжал шығуы ықтимал.
  5. Сіз түсіңізде қара мысық көрсеңіз, ол мысық үйіңіздің төбесіне шығып алып, мияулап тұрса, не ұйықтап жатса – бұл жақсылық нышаны емес. Онда алдағы күнде күнде шаңырағыңызға қауіп бар. Шаңыраққа шыққан қара мысық, қара шайтан болуы ғажап емес.
  6. Сіз түсіңізде мысық көрсеңіз, ол мысықты жақын ағайындарыңыздың біреуіне беріп жатсаңыз – бұл жақсылықтың нышаны емес. Онда өңіңізде сол жақсы көретін ағайыныңыздан араз болып, аулақтап кетуіңіз мүмкін. Сондықтан босағаңызға ақтық байлап қойыңыз.

Мәлімет этнограф Болат Бопайұлының

"Қазақы түс жору" кітабынан алынды