Жаңалықтар

«Жүре алмай қалды»: Жүрсін Ерманның қазіргі жағдайы белгілі болды

«Жүре алмай қалды»: Жүрсін Ерманның қазіргі жағдайы белгілі болды

Желіде Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы, белгілі ақын Жүрсін Ерманның жансақтау бөлімінде жатқаны жайлы ақпарат тараған болатын. Ақынның қызы Ардақ Жүрсінқызы әкесінің қазіргі жағдайы туралы мәлім етті, деп хабарлайды Taulik.kz сайты kyn.kz-ке сілтеме жасап. Ардақ Жүрсінқызының айтуынша, ақын жансақтау бөліміне түспес денсаулығы сыр берген. Себебі осыдан төрт-бес ай бұрын Жүрсін Ерман оң аяғының тізесіндегі көк тамырға протез салдырған. Алайда протезді ағзасы қабылдамай, оның айналасы іріңдей бастаған. Артынша сол ірің қанға түсіп, ақынның дене қызуы көтерілгеннен талмасы ұстаған. Ол есінен танғаннан кейін бір күн ішінде тыныс алу аппаратына таңылды, дейді қызы.
«Сыртынан көрінбегенімен, іштей іріңдеу процесі жүрген. Әкем ауырсынғанымен жағдай бұлай ушығады деп ойламаса керек. Басында онша мән бермеді, «қойып кетер» деп жүрді. Екі жеті бұрын есінен танып құлады. Дене қызуы қырық градус болды.
Сол күні кешкісін есінен танып құлады. Аяғымен жүре алмай қалды. Содан жансақтау бөлімінде бірнеше күн есін жия алмай жатты. Бір жетіден кейін жазда жасалған отаны ашып, дәрігерлер протезді алып тастады. Бірнеше күн жасанды тыныстандыру аппаратында жатты. Осы аптаның басынан бастап беті бері қарады. Аппарат алынып, қазір өзі тыныс алып жатыр. Енді жеке палатаға шығарылуын күтіп отырмыз», - деді ақынның қызы Ардақ Жүрсінқызы. Ардақ Жүрсінқызы әкесі жеке палатаға шықса, анасының жанына баратынын да айтты. «Кеше дәрігерлер жансақтау бөліміне кіруге рұқсат берді. Сол жерде дәрумендерге толы сұйық тамақты дәрігерлер шланг арқылы ішкізеді екен. Содан өзіміз шприцпен тамақтандырдық. Басында көңіл-күйі түсіңкі болды, әрине. Көңілін аулап, айтыскерлерге сол жерде хабарласып, сөйлестірдік. Әрең сөйлейді. Әлсіреп қалған.
Бірақ айтыскерлердің дауысын естіп қуанып кетті. Барлығы денсаулық тілеп, жағдайына алаңдағанын айтып жатты. Әкем оларға «Талай жоспар бар еді, денсаулық осылай болып қалды» деп аздаған өкінішін білдірді. Қазір әкеміз есін жиып,«жеке палатаға шығып қалады» деп қуанып жатырмыз. Әрі қарай қайда, қалай емдететінімізді ойлауымыз керек. Ең бастысы беті бері қарады», - деді Жүрсін Ерманның қызы.