Қазақстан коронавирустың өршуіне дайындалып жатыр
Қазақстан коронавирустың өршуіне дайындалып жатыр
5 қарашадағы мәліметке сәйкес, 708 адам коронавирус инфекциясынан (-562 + және 146 КВИ-) емделуде. Олардың ішінде 86 пациент стационарда, 622 науқас амбулаториялық деңгейде, үйінде ем қабылдауда. Дертке шалдыққандар арасында 5 адамның жағдайы ауыр, 3 пациенттің жағдайы өте ауыр. 1 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
Ресми мәліметке жүгінсек, 2020 жылдан бері 1 394 935 қазақстандық коронавирус жұқтырып, оның ішінде 13 692 адам қайтыс болды. Бұған қоса, КВИ симптомдары бар пневмониядан 5 360 адам өлген.
ДСМ дерегінше, бүгінде COVID-19 індетінен өлім-жітім жоқ көрінеді. Тәулігіне 47 сырқат жаңадан жұқтырған.
Соған қарамастан, ведомство пандемияның қайта ушығуына дайындалуда. Оның үстіне әлемдегі бірқатар елде сол бұрынғыдай, вакцинациялануды талап етеді. Елорда тұрғыны Жания Саматова ауыл-аймақ түгіл, елордадағы емханалардың бірде бірінде Файзер вакцинасы жоқтығына назар аудартты. Оның қызы Еуропада оқиды екен. Оқу орны ДДСҰ мойындаған вакцинаны қайталама салғызуды талап етеді.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, Қазақстанда «Комирнати» (Pfizer) вакцинасын коронавирусқа қарсы егу 2021 жылғы қарашада басталды.
Бастапқыда бұл вакцина тек жасөспірімдерге, жүкті және бала емізуші әйелдерге арналды. Ал 2022 жылғы мамыр мен шілде аралығында "Комирнатимен" егіле алатын контингент кеңейтілді. Нәтижесінде, осы кезеңде аталған вакцина азаматтардың барлық санаттары үшін қолжетімді болды. Бірақ бүгінде КВИ-ге қарсы "Комирнати" вакцинасы көлемінің аз қалғанына байланысты, оны қолдану қайтадан 12–18 жас аралығындағы жеткіншектермен, жүкті және лактация кезіндегі әйелдермен шектелді, – деді министр.Оның хабарлауынша, Қазақстан жалпы алғанда, былтырдан бері «Комирнати» (Файзер) вакцинасының 4 миллион дозасын сатып алыпты. Қазақстан қауіпсіздігін сол бойы дәлелдей алмаған ресейлік «Спутник V» вакцинасымағынан бас тартты. «Қазақстанда КВИ-ге қарсы қолданылатын басқа барлық вакциналар бірдей деңгейде қауіпсіз және коронавирустың ауыр салдарларының алдын алу үшін теңдей тиімді екенін атап өткім келеді. Мысалы, бүгінде 18 жастан ересек қазақстандықтарға отандық "ҚазВак" вакцинасы, сондай-ақ "Синофарм" вакцинасы қолжетімді. Олар бастапқы вакцинация үшін де, ревакцинация үшін де, сонымен қатар егілудің қайталама толық курсынан өту үшін де қолданылады», – деді ДСМ басшысы. Ол жергілікті медициналық ұйымдарда бұл вакциналардың қайсысы барын нақтылау үшін аумақтық денсаулық сақтау басқармасына жүгінуге кеңес берді. Дегенмен елорда тұрғыны Александр Баранников отандық вакцина да тапшы екенін жеткізді. «Мен 2022 жылғы шілдедеде ҚазВак вакцинасын салғызғанмын. Екінші рет егілейін десем, таба алатын емеспін. Емханаларымыз бізде ондай вакцина қазір жоқ дейді. Бұл біздің өз екпеміз емес пе? Неге халықты одан қағып отыр? Емханаларға хабарластым, олар ҚазВак Астананың қоймаларында да жоқ деп мәлімдеді. Әлде мемлекет халықты хабардар етпей, вакцинацияны тоқтата салған ба», – деп қайран қалады Александр. Денсаулық сақтау министрлігі «QazCovid-in" (сауда атауы «QazVac») вакцинасының қолда бар көлемі толық пайдаланылғанын мәлім етті. Бұған дейінгі жеткізілім қыркүйекте жүзеге асырылыпты. Қысқа қарай жаңа партиялары дайындалып, өңірлерге таратылады деп күтілуде. Бұған қоса, АҚШ алда қазақ еліне Файзер вакцинасының үлкен партиясын гуманитарлық мақсатта жеткізбек. Осыған байланысты ДСМ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министірлігі арасындағы гуманитарлық көмек көрсету туралы келісімнің» жобасын жариялады. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа Қазақстан Үкіметі атынан Америкамен арадағы осы құжатқа қол қоюға өкілеттік берілді. АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министірлігі атынан Лойс Пейс қол қояды деп жоспарланған. Келісім күшіне енген соң, 5–11 жастағы балаларға егу үшін АҚШ-та мақұлданған, Pfizer-BioNTech өндірген COVID-19 вакцинасының шамамен 500 000 дозасы жеткізіледі. Бұдан бөлек, ересектерге салу үшін Pfizer-BioNTech шығарған COVID-19 вакцинасының тағы шамамен 500 000 дозасы гуманитарлық көмек ретінде Қазақстанға беріледі. Сондай-ақ келісім аясында АҚШ өз фармакопеясының талаптарына сәйкес, Fresenius Kabi компаниясы шығарған инъекциялық натрий хлоридін қазақ еліне тегін аттандырмақ. Оның жалпы көлемі вакцина санына сай болады. АҚШ-тың мәлімдеуінше, бұл ел осы арқылы әлемде пандемияны толық жоюға күш салып отыр. «COVID-19 пандемиясы – бұл жаһандық сипатта қарсы тұруды қажет ететін дүниежүзілік сынақ. Сондықтан АҚШ Қазақстан сияқты өзінің халықаралық серіктестерімен бірлесе отырып, қоғамдық денсаулық сақтау мүддесі үшін пандемияны жоюға бағытталған үйлестірілген және көпжақты әрекеттерді жүзеге асыруда», – деп хабарлады АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министірлігі (HHS). Келісімде атап өтілгендей, HHS материалдардың күйіне немесе жарамдылығына ешқандай кепілдік бермейді. Келісімнің талаптарына сәйкес, гуманитарлық жүк Қазақстанның кез келген әуежайындағы әкелу пунктіне жеткізілген соң, кедендік ресімдеуге дейін қазақстандық меншікке айналады. Тиісінше, оны сақтауға, тасымалдауға, егуге Қазақстанның өзі жауап береді. Бұдан өзге, пандемия қайта өршісе дайын болу үшін, ДСМ Файзер вакцинасының қосымша партияларын сатып алу мақсатында келіссөздер жүргізіп жатыр. Ал жыл соңына дейін жеткізілетін америкалық вакциналар тек жасөспірімдер мен жүкті, жас босанған аналарға ғана салынатын көрінеді.
Дереккөз: inbusiness.kz