Мектеп оқушылары 11 қарашаға дейін қашықтан оқиды
Мектеп оқушылары 11 қарашаға дейін қашықтан оқиды
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушылары 11 қарашаға дейін қашықтан оқиды, деп хабарлайды Taulik.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Риддердегі жылу электр орталығында күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын.
Соның салдарынан жылу тасығыштың температурасы төмендеді. Қазіргі уақытта Риддер қаласының 22 мыңнан астам абонентіне жылу беру азайтылды.
Осыған орай Риддерде жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды.
Шұғыл түрде арнайы штаб құрылып, мәселе ШҚО әкімінің бақылауына алынған.
«Төтенше жағдайға орай Риддер қаласының білім бөлімі басшысы міндетін атқарушының бұйрығымен 7-11 қараша аралығында мектеп оқушылары қашықтан оқыту форматына көшті. Осы уақыт ішінде қаланың мектепке дейінгі мекемелері өз жұмысын тоқтатады», - деп хабарлады ШҚО әкімдігінен.Айта кетейік, осыған дейін Риддер халқының неге қайта-қайта жылусыз қалып отырғандығы туралы талдап жазған едік.