Жаңалықтар

«Кездескеныме оте куаныштымын»: Киркоров Астанадағы концертте қазақша сөйледі

«Кездескеныме оте куаныштымын»: Киркоров Астанадағы концертте қазақша сөйледі

Астанада жеке концертін өткізген Ресей әртісі Филип Киркоров қазақша сөйлеп, көрерменнің ықыласына бөленіп жатыр. Алайда оның бұл әрекетін сынап жатқандар да бар, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
«Астана салем! Кеш жарык кадырлы корермен! Сиздермен кездескеныме мен оте куаныштымын», - деді Киркоров.
Әртістің бұл әрекетіне қоғам тарапынан әртүрлі баға беретіндер бар. Мәселен, блогер Дәулет Мұқаев «Ресейдің халық артисі Астанаға келіп, қазақша сайрап кетті» деп жазады.
«Өзіміз ғана сөйлемей жүрміз ғой сол... 10 қазақ болып, арамызға бір орыс қосылса орысша сөйлеп кетеміз! Өз елімізде қазақ тілінің мәртебесі бірінші болу керек. Қазақ тілге деген сұранысты арттыру, талап ету өзімізден», - дейді ол.
Ал Рашитов деген азамат «соғысқа қарсы шықпай Ресейде тайраңдап жүрген әртістер Қазақстанға келмесе де болады, оның қазақша сөйлегені 5 тиынға керек емес» дейді. Тағы бір қолданушы Киркоровтың «екі күн бұрын Қырғызстанда кырғызша сөйлеп, керек кезде әртістің тілді тез үйренетінін» жазады. Елла Қожабаева атты азамат «Осы бір әртіс Қазақстанды сағынып келді дейсің бе, елінде концерт қоя алмайды, біздің ақшамыз керек боп кеп тұр да клоун» дейді Киркоров жайлы. Жалпы қазақ тілі мәселесі кейінгі кезде қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Өткен айда жиындардың бірінде қазақстандық кәсіпкер Рәміл Мухоряпов орысша сұраққа қазақша жауап бергендер азаматтардың бойында «ұлтшылдықтың сәл көрінісі барын, бұл жағдай үлкен мәдениеттің белгісі емес екенін» айтқан.
«Егер мұндай болса (орысша сұрағандарға қазақша жауап беріп жататын болса) қатты қапаланар едім. Меніңше, бұл сәл біртүрлі. Ұлтшылдықтың сәл көрінісі. Бұл үлкен мәдениеттің белгісі емес. Біздің меймандығымыз бәрін көтеріп кетуі керек», - деді ол.
Оның бұл сөзін қоғам өткір сынады. Тіпті, бір топ депутат бас прокуратураға жүгініп, Мухоряповты жауапкершілікке тартуды талап етті. Кейін кәсіпкердің үстінен іс қозғалғаны хабарланды.