Жаңалықтар

Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай халықаралық конференция өтті

Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай халықаралық конференция өтті

5 қараша күні 2022 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына арналған «Шерхан Мұртаза – замана шындығын айтқан заңғар тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Taulik.kz сайты. Конференция басында, ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректор Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы Шер атамыздың 90 жыл толуымен құттықтап, Қазақ журналистикасына қосқан үлесі - халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын қазына екенін сөзінде тиек етті. Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ басшылары мен өкілдері, белгілі шетелдік және отандық ғалымдар қатысты. Конференция аясында ұлттық идеология, ақпараттық қауіпсіздік, қазір белсенді қолданысқа енген жаңа медиа трендеріне қатысты түйткілді мәселелер талқыланды.Практикалық білік пен теориялық білімді ұштастырудың, ішкі гармониясын реттеудің жолдары зерделенді.Қазақ журналистикасының мэтрі, классик жазушы Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. 1955 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы, «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманағының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992–1994 жылдары ҚР мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған. Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990- 2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К. Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген. Шара барысында Журналистика факультетінде Шерхан Мұртаза аудиториясының ашылу салтанаты, тұсаукесер рәсімі өтті.  width= Салтанатты шараға көрнекті ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжан, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Қазақ газеттері» ЖШС басшысы Шәмшидин Пәттеев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы және оқытушы ғалымдар мен студенттер қатысты. Жазушы-журналистің өмірі мен шығармашылығынан мол хабар беріп, заманауи техникамен жабдықталған оқу залы шәкірттердің шеберлігін шыңдап, жазу машығын қалыптастыруға үлкен көмегін тигізері сөзсіз.  width= Бұл – өскелең ұрпақты тұлғалар арқылы, олардың іс-өнегесі мысалында тәрбиелеудің үлгісі. Шара барысында, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов Шер атамыздың 90 жылдығымен құттықтап, Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың арнайы құттықтауын жеткізді және  ҚР сенат төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Нұр-сұлтан қаласынан келген арнайы құттықтауын табыс етті.Конференцияда көрші елдердегі Өзбекстан, Түркия, Ресей, Венгрия ғалымдарының жүрекжарды құттықтауын Led экран арқылы көрсетті. Конференция  барысында  ұлттық идеология, ақпараттық қауіпсіздік, қазыр белсенді қолданысқа енген жаңа медиа трендеріне қатысты түйткілді мәселелер жан-жақты талқыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта конференция материалдары ғылыми жинақта жарияланатын болады.

ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының оқытушылары

Құтпанбаева Ж.Б., Жетпісбаева М.С.