Жаңалықтар

«Кем дегенде жарты жыл демалуы керек»: Бақтияр Артаев Айдос Ербосынұлы туралы

«Кем дегенде жарты жыл демалуы керек»: Бақтияр Артаев Айдос Ербосынұлы туралы

Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев спортшының қазіргі жағдайы мен алдағы мансабы жайында айтты, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап. Олимпиада чемпионы қазір ең маңыздысы спортшының денсаулығы екенін жеткізді.
«Спортшымызға алған ауыр нокауттан кейін кем дегенде жарты жыл демалыс қажет болады. Біз үшін ең қуаныштысы бауырымыз комадан шықты. Алла қалап денсаулығының түзеліп кеткенін тілеп отырмыз. Бізге бірінші кезекте керегі – оның амандығы. Бастысы аман-есен арамызға оралсын! Ал Айдостың алдағы спорттағы мансабы жайында оның жеке бапкері немесе көмекшілері айта жатар. Жеке өзім басынан өткізген осы жағдайдан кейін міндетті түрде демалу керек деп айтар едім. Бір соққымен өмір тоқтап қалмайды. Денсаулығын түзеп алса, алдағы уақытта талай жекпе-жекке шығуға мүмкіндік туады. Қашан, қай кезде рингке шығатынын спортшымыз өзі шеше жатар», - деді Бақтияр Артаев.
Айта кетейік, Айдос Ербосынұлының кубалық Давид Моррелден нокаутпен жеңілгеннен кейін жағдайы күрт нашарлағаны туралы жазған едік. Ауыр нокаут алған спортшыны рингтен зембілмен көтеріп алып кетті. Белгілі инсайдер Дэн Рафаэль Айдосты Хеннепин округінің медициналық орталығына дәрігерлік тексеру жасау үшін алып кеткенін, боксшы ауруханаға миына қан кеткен соң медикаментозды жағдайда жеткізілгені туралы айтты. Кейін TGB Promotions промоутерлік компаниясы мен Premier Boxing Champions телефраншизасының өкілдері қазақстандық боксшының жағдайына қатысты пікір білдірді.
«TGB Promotions мен PBC өкілдері Миннеаполисте Айдостың командасының қасында. Біз жағдайды жіті бақылап отырмыз. Жеке өміріне деген құрметке байланысты ол туралы мән-жайды айта алмаймыз, алайда бокс сүйер қауымын ол үшін дұға етуін сұраймыз», - делінген PBC және TGB Promotions біріге жасаған мәлімдемеде.
Бокс кешінің телекөрсетілімі болған Showtime арнасы бүгінде Ербосынұлының жағдайын бақылап отырғанын мәлімдеді.